Қазақстандық ата-ана жазылып кеткен баласының еміне 4 жыл бойы ақша жинап, қаржыны шопинг пен құмар ойынға жұмсаған
Видеодан скриншот
Астанада ерлі-зайыптылар балаларының еміне жиналған 1,3 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында хабарлады.
Оның мәліметінше, Дәулет пен Толқын Тотақановтар ауыр диагноз қойылған ұлдары Алтаирге ота жасау үшін қаражат жинаған. Емге қажет 50 миллион теңге баланың Instagram парақшасы арқылы жиналған. Алайда ата-анасы жарнамаға ақша салып, белсенді түрде қаражат жинауды жалғастыра берген. Нәтижесінде төрт жыл ішінде олар 350 мыңнан астам адамның көмегімен 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған.
Журналистің айтуынша, нақты емделуге шамамен 6 миллион теңге ғана жұмсалған, ал қалған қаражат жеке қажеттіліктерге – жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуға, шетелге саяхаттауға және құмар ойындарға кеткен.
Тісін емдеп, қымбат көлікті жалға алған: Перизат Қайрат қайырымдылыққа жиналған ақшаны қайда жұмсады
Ақпаратты Астана сотының баспасөз қызметі растады.
"Ерлі-зайыптылары 2020 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Instagram желісіндегі (@altair_tota) парақша арқылы баласының ауруына қатысты жалған мәліметтер мен эмоциялық үндеулерді пайдаланып, баланы емдеуге деп қайырымдылық қаражат жинауды ұйымдастырған. Алайда жиналған қаржының едәуір бөлігі (1,3 миллиард теңгеден астам) жеке қажеттіліктерге – құмар ойындарға, брендті киімдерге, саяхаттарға және басқа да мақсаттарға жұмсалған", – делінген сот хабарламасында.
Қазір ата-анаға "аса ірі көлемдегі алаяқтық" және "қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыру" баптары бойынша айып тағылып отыр. Қылмыстық іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралуда.
Еске салсақ, бұған дейін ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстанда азаматтарды дұрыс қайырымдылық жасауға үйрететін мектеп ашатыны туралы жазған едік.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
