Астанада "ЭКСПО" жобасындағы ақша жымқыру фактілері бойынша жаңа қылмыстық іс тергелуде
Фото: qazexpocongress.kz
Астанада EXPO-2017 халықаралық көрмесіне байланысты нысандардың құрылысы кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тағы бір қылмыстық іс тергелуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көрменің инфрақұрылымын дайындау мәселесімен "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы айналысқан. Жуырда мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бас прокуратурадан EXPO нысандарын салу кезінде мемлекет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қозғалған алғашқы қылмыстық істі қайта қарауды талап етті. Депутат талабының себебі – БАҚ-та жарияланған "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Омаровтың сұхбаты болды. Экс-менеджердің айтуынша, сол кезде ұлттық компания басшысының кеңесшісі қызметін атқарған Айдос Есполов бірнеше рет пара алған. Алайда қылмыстық іс материалдарында ол "белгісіз тұлға" ретінде көрсетілген.
Одан кейін мәжілістің бірнеше депутаты бас прокурорға сұрақ жолдады.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өндірісінде "ЭКСПО" қаражатын ұрлау фактісі бойынша белгісіз тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қаралуда. Бұл тергеу аясында барлық қатысушыларды, соның ішінде қаражатты офшорлық компаниялар арқылы шетелге шығарған фактілерді анықтауға бағытталған кешенді жедел-тергеу шаралары жүргізілуде", — деді бас прокурор Берік Асылов депутаттық сауалға берген жауабында.
Сонымен қатар, бас прокурор қазір "ЭКСПО" ісі бойынша бұрын сотталғандарға қатысты үкімді қайта қарауға негіз жоқ екенін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін депутат Бәпи ЭКСПО ісі бойынша сотталған Ермегияевті заңсыз сотталды деп есептейтінін мәлімдеген еді.