Астанада екі адамның өліміне себеп болған құрылыс компаниясының директоры сотталды
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты құрылыс компаниясының директорына қатысты үкім шығарды. Оған құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзып, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соқтырды деген айып тағылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Соттың мәліметінше, компания директоры Астанадағы қойманы бұзу ісіне компанияда ресми түрде тіркелмеген тұлғаларды тартқан, сондай-ақ учаскедегі қауіпсіздік жағдайын, бригаданың барлық қажетті талаптарға сәйкестігін тексермеген. Салдарынан нысанның шатыры опырылып, екі адам қаза тапты.
Сотталушының кінәсі өзінің мойындауымен және куәлардың айғақтарымен, жазатайым оқиғаны тергеу хаттамасымен, сондай-ақ қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген.
Прокурор сотталушыны үш жыл мерзімге құрылыс саласында басшылық қызметтер атқару құқығынан айыра отырып, төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал жәбірленушілердің өкілдері сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Нәтижесінде сот құрылыс компаниясының директорын кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ сотталушы үш жылға құрылыс-монтаждау жұмыстары саласында басшылық қызметтер атқару құқығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін алматылық әйел саябақта ашық құрылыс алаңындағы арматураға құлап кеткені туралы жазған едік.