Астанадағы дәмханалардың бірінде даяшы қыздың арқасына қайнаған май төгіліп кеткен (видео)
Фото: net_mambet
Threads желісінде ShaurmaFood атты фастфуд желісінде түсірілген видео жарияланды. Онда асүй қызметкері қайнап тұрған майды официант қыздың арқасына абайсызда төгіп алған сәті бейнеленген. Видеоны жариялаған адам компания басшылығын жауапкершіліктен жалтарып отыр деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кадрларда қайнаған май құйылған үлкен ыдысты алып келе жатқан аспаздың тайып құлап, майды қыздың арқасына төгіп жібергені анық көрінеді. Қыз оған арқасын беріп тұрған. Автордың айтуынша, жәбірленушінің арқасы іріңдеп кеткен, оған тері ауыстыру отасы қажет болуы мүмкін. Сондай-ақ ShaurmaFood өкілдері жағдай үшін жауапкершілік алғысы келмей отыр деп жазды.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайға қатысты екіге бөлінді. Бірі аспазды қорғап, оның бұл әрекетті әдейі жасамағанын айтса, енді бірі оны қатаң жазаға тартуды талап етті.
"Қызға обал. Бірақ жігітке де жаным ашып тұр, әдейі істемегені көрініп тұр. Өзіне де төгіліп кеткен", "Адами фактор ғой. Бірақ қайнап тұрған майды көтеріп келе жатқанда айналада адам болса, алдын ала ескертіп жүру керек. Әсіресе асүй тар жерде. Екеуіне де жаным ашиды", "Соңында қызды тағы теуіп жібереді, бұл оның қызға өшпенді екенін көрсетеді. Заң бойынша жауап берсін", "Бұл жерде жігіт толықтай кінәлі. Қауіпсіздік техникасын сақтамаған. Қалай болғанда да аянышты жағдай", – деп ашу-ызасын білдірді.
ShaurmaFood фастфуд желісінің иесі Дмитрий Инютин әлеуметтік желілерде бұл оқиға бір ай бұрын болғанын растады. Оның айтуынша, оқиғадан кейін бірден қызға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ата-анасымен кездесу өткен, емдеу шығындары толық өтеліп, қосымша өтемақы да төленген.
"Қазір тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Әсіресе, ем-дом үшін ақы төленбегені туралы айтылған мәлімет – жалған. Біз сөз бостандығын құрметтейміз, бірақ жалған ақпарат таратпауға шақырамыз. Кез келген мәселені заң аясында және адамгершілік тұрғыда шешуге әрдайым дайынбыз", – деп жазды Инютин.
Еске салайық, бұған дейін Қызылордада балабақша қызметкері кішкентай қызды қайнаған суға күйдіргенін жазған едік. Денесінің 20 пайызы күйіп, ауыр хәлде ауруханаға түсті. Қызды жуындырмақ болған күтуші абайсызда ыстық судың шүмегін ашып жіберген. Екі қызметкер жұмыстан шығарылды. Балабақша ем шығындарын өтеуге уәде берді. Ата-анасы әділ тергеу талап етті.

"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Шылым шегетін жастардың санын азайту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр
