Астанада білім беру орталығына миллиондап ақша төлеген ата-аналар алданып қалғанын айтып шу шығарды
Фото: Видеодан скриншот
Астанада жүзден астам ата-ана балаларын шетелде оқытамыз деп уәде берген "Ғасыр" білім беру орталығына алданып қалғанын айтып, шу шығарды. Миллиондап ақша жинап алған орталық күтпеген жерден жабылып, балалар далада қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Орталық басшылығымен байланысқа шыға алмаған көпшілік жаппай арыз жазған. Жәбірленушілердің айтуынша, бір жылдық оқу үшін әр ата-ана 1,5-2 миллион теңгеге дейін қаражат төлеген. Алайда сабақтар жүйелі түрде өтпеген, дайындық курстары толық көлемде жүргізілмеген.
“Полицияға арыздандық. Себебі бізде келісімшарт бар. Олар сол келісімшарт бойынша уәделерін орындамады. Осы оқу орталығының бас директорына хабарластым. Ол қазір бұл жерде жұмыс істемейтінін айтты. Ал орнына жаңадан келген адам телефонға жауап бермейді”, – дейді Астана қаласының тұрғыны Бақыт Күдербекова.
Орталық қызметі тоқтайтыны туралы ата-аналарға алдын ала ескерту жасалмапты. Кейбір ата-ана бұл орталыққа бір емес, екі баласын берген. Солардың бірі – Айнагүл Нұрмағамбетова. Ол "Ғасырдың" репутациясына сенгендіктен ақшаны келісімшартсыз төлеген.
Қазір орталық есігі жабық. Себебі полиция мөрлеп тастаған. Ғимаратты жалға берушілер жалдау құны айына 4,5 миллион теңге екенін айтады. Ал орталық иесі жалға берушілерге әлі 6 миллион теңге қарызын төлемеген. Орталықтың бас директорымен де, ондағы мамандармен де байланысқа шығу мүмкін болмаған.
Ал ата-аналардың шағымынан кейін полиция “алаяқтық” бабымен қылмыстық іс қозғады.
“Азаматтардың ұжымдық өтініші негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы – "Алаяқтық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында оқу орталығына білім алу үшін төлем жасаған азаматтардың уәде етілген оқу қызметтерін алмағаны анықталды. Қазір бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізіліп жатыр”, – деді Есіл ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары Ержан Құрақбаев.
Миллиондап ақша төлеген ата-аналар тергеудің әділ жүргізіліп, кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.

Бір бөтелкеге 27 мың теңге төлеген: Қазақстандық Duty Free-ден алынған тауарды қолжүгіне қосып есептеген FlyArystan компаниясына шағымданды
