Астанада балабақшаларға дабыл жүйесі мен камера орнату үшін 3,3 миллиард теңге жұмсалмақ

Астанада мемлекеттік балабақшаларға күзет дабыл жүйелері мен бейнебақылау жүйелерін орнатуға бюджеттен 3,36 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметінше, жобаның тапсырыс берушісі – Астана қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы. Сатып алу бір лотпен рәсімделген, жекелеген нысандарға немесе жұмыс кезеңдеріне бөлінбеген. Лотқа күзет дабыл жүйелері мен бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары кіреді. Лоттың құны - 3 362 293 103,45 теңгені құрайды.
Конкурс шарттарына сәйкес, жұмыстар шарт жасалған күннен бастап 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін орындалуы тиіс, ал орындаудың ең қысқа мерзімі кемінде 15 күнтізбелік күнді құрайды. Осылайша, жоба бастапқыда бірнеше кезеңмен жүзеге асырылуы мүмкін ұзақ мерзімді жоба ретінде қарастырылған.
2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды
Айта кетейік, бұған дейін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қауіпсіздік талаптары күшейгеніне қарамастан, сыныптардың ішінде бейнекамера орнатуға болмайтынын айтқан еді.
“Мен мектептердің қауіпсіз орта болғанын қалаймын. Алайда менің ойымша, сыныптардың ішінде бейнебақылау болмауы тиіс”, – деген еді Жұлдыз Сүлейменова.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда мектеп күзетшілеріне қару ұстауға рұқсат етілетіні туралы жазған едік.