Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада әйелді жарты жыл бойы аңдып, рұқсатсыз видеоға түсірген сталкер сотталды

Астанада сталкинг сотталдыФото: Depositphotos.com

Астанада қорғау нұсқамасын елемей, бойжеткенді алты ай бойы аңдыған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметке сәйкес, қала тұрғыны жәбірленушінің онымен қарым-қатынас орнатқысы келмейтінін біле тұра, оны алты ай бойы жүйелі түрде қудалаған.

“Байланысты тоқтату туралы талаптарды, мессенджерлердегі бұғаттауды, сондай-ақ қолданыстағы қорғау нұсқамасын елемей, ер адам жәбірленушінің тұрғылықты және жұмыс орны бойынша аңдып, оның келісімінсіз бейнежазбаға түсіру арқылы психологиялық қысым көрсеткен”, – делінген Астана прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдейтін толық әрі жан-жақты айғақтарды ұсынған.

Нәтижесінде сот үкімімен ол сталкинг жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылды әрі оған моральдық зиянды өтеу міндеттелді.

Сонымен қатар тұлғаның бұған дейін бостандығын шектеу жазасын өтеп, оның шарттарын бұзғаны ескеріліп, өтелмеген жаза бөлігі нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Прокуратура заңсыз қудалау үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске салды.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада бұрынғы қызын үш ай бойы аңдыған жігіт 15 тәулікке қамауға алынғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 10:14