Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада автобус апатынан аяғынан айырылған қыздың отбасына 30 миллион теңгедей берілетін болды

Фото: Telegram-арна Astanovka98

Астанадағы автобус апаты салдарынан аяғынан айырылған 8 жасар қыздың отбасына 29,6 миллион теңге берілетін болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, Республика даңғылында болған автобус апатынан зардап шеккен баланың отбасына автопарктің сақтандыру полисі және демеушілік есебінен жалпы сомасы 29 миллион теңге көлемінде қаржы беріледі.



Астана әкімдігінің хабарлауынша, қазір зардап шеккен қыз балаға мынадай қолдау шаралары қарастырылған:

  • автопарктың сақтандыру полисі есебінен 19,6 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемі (қазір бұл төлем заң аясында рәсімделіп жатыр);
  • автопарк тарапынан қосымша 10 миллион теңге көлемінде демеушілік көмек көрсету туралы шешім қабылданды;
  • отбасы Ақмола облысында тұратындықтан, емделу және оңалту кезеңінде Астанада уақытша баспана жалдауға көмек ұсынылды.

Сонымен қатар жол апатына түсіп, ауруханада жатқан екі жолаушыға да сақтандыру төлемдері қарастырылған. Қыз баланың жағдайы тұрақты, ол тиісті мамандандырылған бөлімге ауыстырылды.

"Қала әкімдігі алғашқы күннен бастап шынайы қолдау көрсетіп келеді. Біздің өкілдер отбасы мүшелерімен тұрақты байланыста. Олар зардап шеккен қыздың сауығып кетуі үшін барлық мүмкін шараларды қабылдап жатыр", – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, Астанада жолаушылар автобусы апатқа ұшыраған еді. Автобус апатынан зардап шеккен жолаушылардың жағдайы туралы айтылды. 

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 07 Маусым, 2025 11:23
Талқылау