Астанада алимент төлеуден қашып жүрген әкелер құрылысқа жегілмек
Астанада жұмыссыздықты сылтауратып алимент төлеуден қашып жүрген әкелер құрылысқа жегілмек. Ұрпағының ашқұрсақ отырғанына қарамайтын азаматтарға прокурорлардың өздері жұмыс тауып беруге кірісті, – деп хабарлайды КТК арнасының сайты.
Астана тұрғыны Елена күйеуімен дәм-тұзы жараспай ажырасып кеткен. Енді келіншек үш баланы жалғыз асырауға мәжбүр. Оның үстіне үйде сал ауруына шалдығып, төсек тартып жатқан ұлы мен әпкесі бар. Бастапқыда күйеуі азық-түлік әкеліп, отбасына аз-кем көмектесіп жүріпті. Ал жарты жылдан бері мүлдем хабарсыз кеткен.
-“Екі мүгедекке қарап үйде отырмын, жұмыс істемеймін. Ауру ұлымның дәрі-дәрмегінің өзіне ай сайын 12 мың теңге кетеді. Бұдан бөлек балалардың тамағы бар. Ал бұрынғы күйеуім бастапқыда балаларға балық, жұмыртқа алып келетін. Қазір ол да жоқ. Жұмыссызбын дейді”, – дейді Астана қаласының тұрғыны Елена Айсабаева.
Прокурорлардың қолында мұндай өз баласынан қашып жүрген безбүйрек әкелердің ұзын-сонар тізімі бар. Бұған қоса екі күннің бірінде оларға жалғызбасты әйелдер жылап келеді екен. Қазір құзырлы орындар астаналық 5 мың азаматқа жылдар бойы алимент төлете алмай жүр. Ал өз ұрпағынан безінгендер көбіне жұмыссыздықты сылтаурататын көрінеді. Сондықтан прокурорлар бала-шағасын ашқұрсақ жылатып қойып, қамсыз жүрген жігіттерге жұмыс табуға кірісіпті.
-“Астанада құрылыс қызу жүріп жатыр. Ал жұмысшы жетпейді. Есесіне екі қолға бір күрек таппай бос жүргендер көп. Сол азаматтарды құрылыс компаниялары жұмысқа қабылдауға келісіп отыр. Жалақысы 100 мың теңгеден асады”, – дейді Астана қалалық прокуратурасы басқарма басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Базаралиев.
Берешегі бар әкелер Астанадағы көпқабатты үй, мектеп, балабақша сынды жаңадан салынып жатқан нысанның құрылысына көмектеседі. Яғни, оларға кірпіш қалаушы, сылақшы, краншы болып орналасуға мүмкіндік бар. Прокурорлар әзірге 400 азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлапты. Сондай-ақ, жылдап алимент төлемей қашып жүрген жігіттеге Елордадағы Жұмыспен қамту орталығы да бірқатар бос орындар ұсынып отыр.
-“Біз 15 жұмыс берушіні шақырдық. Одан басқа өзіміздің орталықта бар мыңға жуық бос жұмыс орындарын ұсындық. Көбінесе ер-азаматтарға арналған бос жұмыс орындары. Ол: такси жүргізушісі, күзетші, заңгер мамандықтары”, – дейді жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Дидар Садықов.
Ал әркімнің жалақысы әртүрлі болады. Соттың шешіміне және берешегіне қарай олар еңбекақысының белгілі бір бөлігін немесе тең жартысы балаларының шотына аударып отыруы тиіс.
Ұл мен қызының алдында берешегі бар азаматтар табылған жұмысты ауырсынып, бас тартса немесе сол күйде алимент төлеуден жалтарса, үстінен қылмыстық іс қозғалады. Бұған дейін депутаттар арнайы қор құрып, күйеуінен алимент ала алмай жүрген жалғызбасты келіншектерге бюджеттен жәрдемақы төлеу туралы да ұсыныс жасаған болатын. Алайда, Үкімет бірнеше миллиард қарызы бар жауапсыз әкелер үшін мемлекет ақшасын шығындағысы жоқ.
Жіберіп алмаңыз:
Алматы облысында малын 6 миллион теңгеге сатып үйіне оралмаған ағайынды 3 жігіт табылмай жатыр
Ақтөбеде қоқыс жәшігімен жыныстық қатынасқа түскен қаңғыбас жындыханаға жабылды
Оқушы бала “президентке хабарласып” полицейлерді қорқыта жаздады (видео)
Өгей әке 3 жасар қызды бассейнге тұншықтырып өлтірді (видео)