"Ешқайсысының баратын жері жоқ": Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйде тұрып келген алматылық және астаналық жастар халыққа үндеу жасады
Әлеуметтік желіде "Астана жастары", “Алматы жастары” бағдарламалары арқылы сатып алу құқығынсыз жалға берілген үйлерде 5 жылдан бері тұрып келген жастар пәтерінен шығармауын талап етіп, наразылық білдірді. Жеңілдік ұсынылған пәтер тұрғындары бұған дейін шағым түсіріп, жалдамалы үйді ипотекалық бағдарлама арқылы сатып алуға да өтініш білдірген. Stan.kz тілшісі мәселені толығырақ білуге тырысты.
Фото: Видеодан скрин
“Ешқайсысының баратын жері жоқ”
Желідегі видеода жастар өздеріне үйді босату керек екені туралы хабарлама келгенін айтып, шағымданды. Олардың айтуынша, жаңа баспанаға қаражат жинауға жастардың мүмкіндігі болмаған.
"Құрметті қазақ елі! 2020 жылы жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз берілген пәтерлерді босату туралы хабарлама келіп жатыр. Ешқайсысының баратын жері жоқ. Өйткені бұл жастар карантин уақытына түсіп қалған. Сондықтан бізді қолдап жіберіңіздер. Бұл үйлерді бізге қалдырсын!", – деді видео авторы.
Алматылық тұрғын Қуат Тайрабеков 2019 жылдың соңында 13-ықшамауданындағы пәтерлердің біріне қоныс аударған. Үйге кірер кезде отбасы құрып, қазір әйелі екеуі 2 баланың ата-анасы атанды. Алайда ерлі-зайыпты дәл қазір баратын жері жоқ екенін айтып шағымданды. Қуат Тайрабековтың айтуынша, пәтерден шығарылатын жастар құрылтай құрып, құзырлы органдарға үйден шығармау туралы ұсыныстар тастаған.
“Қазір тұрып жатқан жалдамалы пәтерлерімізге алғашқы жарна, яғни 2-3 миллион көлемінде төлем жасап, нарықтағы бағамен қайта сатып алғымыз келеді. Үкіметтен бұл баспаналарды 10 жылға несиеге беріңіз деп ұсыныс жібердік. Мысалы, 9 мың отбасы алғашқы жарнаға төлесек, әжептәуір 25 миллиардтан аса сома жиналады. Бұл біздің алғашқы жарнамыздың өзінен ғана жиналып тұр. 20 миллион теңгеге үй сатып алдық делік. Осы ретте мыңдаған адамды үймен қамтамасыз етіп отырмыз деп есептеген жөн. Ал ай сайынғы төлемдер 100 мың мен 150 мың теңгенің арасында болса, ай сайын үкіметке осы қаржыдан 4 миллиард теңгедей түсіп отырады. Бұл соманы жинап, олар басқа да адамдардың үйлі болуына көмектесе алады”, – деді Қуат Тайрабеков.
Қуат Тайрабеков пәтерді босатқан күнде де үлкен қалада үй жалдау бағасы өсіп кеткенін айтады. Оның сөзінше, қазір бір бөлмелі үйлерді жалға алу 150 мың теңгеден басталады. Қуат Тайрабеков бұған кететін ақшаны, керісінше, үкіметке берейік деп ұсыныс қалдырған.
“2025 жылдан бастап бұл бағдарлама тоқтатылады”
Редакция тілшісі істің жай-жапсарын Астана әкімдігінен сұрап білді.
"Жұмыс істейтін жастарға арналған "Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы аясында, жастарға бес жыл мерзімге сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй уақытша берілді. Бұл мерзім биылғы наурыз айында аяқталады. Аталған бағдарламаны жүзеге асыратын уәкілетті орган – мәдениет және ақпарат министрлігі", – деп жауап берді Астана әкімдігі.
Ал ақпарат және мәдениет министрлігі 2025 жылдан бастап аталған бағдарлама тоқтатылғанымен, тиімді ұсыныстар қарастырылғанын мәлімдеді.
"2025 жылдан бастап бұл бағдарлама тоқтатылады. Өйткені оларға бастапқыда пәтер жалға берілген кезде 5 жылдан соң босату қажет деген талап қойылған. Қазір бағдарламаға өзгерістер енгізілуіне байланысты жалғаспайды деген шешім қабылданды. Бұл үйді сатып алуға мүмкіндік болмайды. Алдағы уақытта сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерде тұрып жатқандар "Елорда жастары" бағдарламасына қатыса алады. Олардың “карантин кезіне түсіп қалдық” деген және тағы басқа ұсыныстары негізге алынды", – деп пікір білдірді министрлік.
Министрлік "Алматы жастары", "Елорда жастары" және Шымкенттегі "Қамқор" бағдарламаларына қатысушы ретінде сатып алу құқығынсыз пәтерді жалға алған азаматтар категориясы қосылғанын айтты.
"Бүгінде үш қалада жүзеге асырып жатқан бағдарламалар бар. Олар: "Алматы жастары", "Елорда жастары" және Шымкенттегі "Қамқор". Тек осы жобаларды кеңейтіп отырмыз. Осы ретте үш қалада жүзеге асатын бағдарламалар "Отбасы банкімен" келісімге келіп, қайта қарастырылады.
Бұған қосымша қаражат бөлінеді. Бұған дейін қалаларда жеңілдетілген бағдарламада белгіленген категориялар болған. Енді соған қосымша категория ретінде "сатып алу құқығынсыз жалға берілген үйлерді" алған азаматтар кіреді. Алдағы уақытта үш өңірде осы бағдарламалар байқау жариялаған кезден бастап қатыса алады. Мәселен, "Елорда жастары" бағдарламасы байқау жарияласа, осы азаматтар өтінім бере алады”, – деді мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі.
Министрліктен “бұл тұрғын үйлерде тұрған азаматтар пәтерді қайта жеке меншігіне сатып алу мүмкіндігі бар ма деп сұрадық. Ведомствоның сөзінше, бұл пәтерлер сатылмайды және мұқтаж жандарға, соның ішінде көпбалалы аналарға, жетімдерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғысбасты аналарға беріледі.
"Қазір осы категорияда үйді аңсап отырған азаматтар өте көп. Бұл үйді босатқаннан кейін сол азаматтарға тапсырылады", – деп түйіндеді министрлік.