Астанада 3 баланың өмірін қиған өрт: Өрт сөндірушілердің өтуіне кедергі келтірген көлік иесі жазаланды

Астанадағы жантүршігерлік өрт кезінде “Көркем-3” тұрғын үй кешенінің ауласына кірер жолды бөгеп тастаған көлік жүргізуші жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, ережеге қайшы қойылған автокөлік оқиға орнынан дереу алынған. Жүргізушінің кім екені анықталып, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
“Азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін және шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіретін заңбұзушылықтар қатаң түрде тыйылады”, – деп атап өтті Полиция департаменті.
Айта кетейік, жүргізушіге 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынды.
ОқыңызОқиғаның мән-жайы
Қайғылы жағдай 12 сәуірге қараған түні Астана қаласындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында болған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жеткен. Алайда аулаға кіреберіс жабық болып, көліктер толып тұрған. Ал бір жүргізуші көлігін үйдің ауласына кіретін пандус үстіне қойып кеткен. Салдарынан өрт сөндірушілер техникасы уақытында кіре алмаған. Ал пәтерге кірген кезде, іші толық жанып кеткенін байқапты.
Өрт сөндіру кезінде жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел шығарылып, жедел жәрдем қызметіне тапсырылған. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылған. Қазір жансақтау және терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оған 2-3 дәрежелі күйік шогы диагнозы қойылған. Оқиға орнында кәмелетке толмаған үш баланың мәйіті табылған.
Құтқарушылар жоғарғы қабаттардан 20 адамды эвакуациялап, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шыққан.
Өрт толық сөндіріліп, өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.
"Азық-түлік пен медицина қолжетімді": Иранда тұратын қазақ қандастар Отанға оралғысы келмейтінін айтты