Астанада 20 жыл бойы өліге саналған қыз анасымен қауышты
Астанада 20 жыл бойы өлді деп саналған қыз анасымен қауышты. Небәрі алты айлығында дүниеге келген сәбидің бүгінде жер басып жүргенін оның отбасы білмеген.
“Біздің үй” бағдарламасынан скриншот
1995 жылдың ақпанында 34 жастағы Шолпан есімді әйел алтыншы перзентін небәрі алты айлық мерзімінде дүниеге әкелген. Туғанынан мүмкіндігі шектеулі қыз үш ай бойы вакуумда өмір сүріпті. Ал үш айдан кейін емхана қызметкерлері нәрестенің бақилыққа атанғанын айтқан. Тіпті, жерлеу рәсімін де өздерінің өткізетінін айтып, ата-ананы шығарып салған. Жанаргүлден бөлек 5 баланы тәрбиелеп отырған ата-ана оның қай жерде және қалай жерленгенін де сұрамаған. Абдырап қалған болса керек-ті, жылаған күйі емханадан шығып кете барған.
Бұл туралы Хабар арнасындағы «Біздің үй» бағдарламасында айтылды.
«Перзентханадан 20 күндей жаттым. Одан кейін бізді сол жерден алып зерттеу институтына алып барды. Баламды алып қалды. Мен сол жерде жүрдім, ол жақта да вакуумда жатыр еді. Үш айға дейін көрдім. Дәрілерін апарып жүрдім. Жағдайы нашар, аяғы буынсыз деп айтқан болатын. Күнде барып қараймын да кетемін. Үш айға дейін тірі еді. Бір жолы барғанымда баламды алып кетейін дедім, маған бермеді. Ал күндердің күнінде оның қайтыс болғанын айтты», – дейді Шолпан Дүйсенбайқызы.
“Біздің үй” бағдарламасынан скриншот
Шолпанның алтыншы перзентінің бүгінде аты-жөні тура анасінікімен бірдей. Ол балалар үйінде тәрбиеленген. Ата-анасы алғашқыда оған Жанаргүл деп есім бергенімен, балалар үйіне қабылданған кезде қызметкерлер оны анасының аты-жөнімен тіркепті. Алайда кішкентай ғана мүгедек қызды кімнің және не үшін анасынан айырып, балалар үйіне өткізгені бүгінде белгісіз. Үш жасқа дейін Екібастұз балалар үйінде, одан кейін Астанадағы психо-неврологиялық диспансерде болған Жанаргүл 20 жасында отбасымен қауышып отыр. Бүгінде оның анасы, аға-әпкелері бар. Ал әкесі, өкінішке қарай, өмірден озып кеткен.
20 жыл бұрын бір-бірінен айырылып қалған ана мен баланы Махаббат Манаева есімді азаматша табыстырған.
«Осыдан 4-5 жыл бұрын Ақмола медицина университетінің кафедрасында жұмыс атқарып жүрдім. Сол кезде бірнеше топ студенттерді басқарып, еріктілермен бірге сол жерге барып жүрдік. Ол жердегі ойымыз мүмкіншілігі шектеулі балалар мен студенттер көп жұмыс атқарсын дедік. Бәрінен бұрын Шолпанның тарихы жанымызға батты. Шолпанның анасы бар ма, жоқ па, білмедік. Бар болса тапсақ деген ойда болдық. 5 жыл іздедік. Ақпаратты жинау өте қиын болды», – деді ол.
Ал балалар үйінде тәрбиеленген Шолпан анасы мен отбасын тапқанына қуанышты. Алғаш көргенде Шолпан Дүйсенбайқызын ол бірден “мама” деп атапты.
Жіберіп алмаңыз:
Осы уақытқа дейін өзінің кім екенін білмеген Айдананың тағдыры елді елең еткізді
Алматыда есін жоғалтқан қырғызстандық азамат 12 жылдан соң анасымен қауышты
Анасын жоғалтып алған жігіт оны 5 жылдан соң Меккеде кездестірген
Темір ыдыстан тамақтанған балалардың суреті әкімнің ашуын туғызды