Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана полициясы румын футболшыларын тонап кеткен ұрыларды іздеп жатыр

Астанаға келген румыниялық футболшыларды тонаған ұрыларды қазір елорда полициясы іздеп жатыр. Қаладағы ең қымбат қонақүйге орналасқан спортшылардың бөлмесінен планшет, ұялы телефон және ақшалары жоғалған. Алайда ойыншылар полицияға арызданбапты. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

57fd667582bea

Фото: kazfootball.kz

Алайда қазір бұл жағдай туралы румын баспасөз құралдары жарыса жазып жатыр. Ойыннан кейін мақала арнаған румын ақпарат құралдарының бірі, “Қазақстан – керемет жер. Онда бізді қонақүйде де, алаңда да тонап кетті” деп жазды. Румын журналистері құрамаларының Қазақстанға сапары тарихтағы ең қиын сапар болғанын айтуда. Ойыншылар жаттығуда жүрген кезде олар орналасқан бөлмеде тұрған ақша мен қымбат телефон, планшеттері ұшты-күйлі жоғалған. Ұрылар алты футболшының затын қолды қылған. Қазір Астана ІІД қызметкерлері қонақүйдегі бейне камераларды тексеріп жатыр.

“Румыния футболшылары заттарының жұмбақ жағдайда жоғалып кеткені туралы қонақүй әкімшілігі хабарлады. Бұл хабар Астана қалалық ІІД кезекші бөліміне 11 қазан күні 18.25-те түсті. Оқиға 188 “Ұрлық” бабы бойынша тіркелді”, – деп хабарлады ІІД.

Ойынның өзі қонақтар үшін сәтті болмады. 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу ойындары аясында өткен матч тең есеппен аяқталды. Оның үстіне бірнеше румын футболшысы ауыр жарақаттар алып қалды. Спорт сарапшыларының айтуынша, қазақстандық футболшылар өз алаңында агрессиялы ойын көрсетеді.

“Құрама ойыншыларының барлығы қарсыласқа қарсы дөрекі ойын көрсетті. Бұл өкінішке орай біздің команданың мінезі болып тұр. Қытай футболшылары да біздің құрама дөрекі ойнады деп шағым айтқан еді. Осындай мәндегі әңгімені поляктар да жиі байқапты. Міне енді румын футболшыларының біразы ойынды соңына дейін аяқтай алмады”, – дейді спорт сарапшысы Сергей Райлян.

Футбол сарапшылары, жалпы ойын аса сәтті өтпеді дейді. Матч барысында Қазақстан құрамасы қақпаға тура соққы бағыттамапты да.

“Іріктеу циклы аясында үш матч өтті. Осы үш ойынның ішінде Польшамен өткен матчтағы екінші таймды ерекше айтуға болады. Осы үш ойынды сараптай отыра бапкерлер штабы қорытынды шығарып, көрермендер де, өздері де қалаған футболды көрсетеді деп ойлаймын”, – дейді Сергей Райлян.

Сонымен қатар, бұл матч командамыздың капитаны Самат Смақов үшін ұлттық құрама сапындағы ең соңғы кездесу болды. Футболшы құрамадағы кәсіби мансабын аяқтайтынын айтты. 16 жыл ішінде ол 75 кездесуге қатысыпты. Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 11 қараша күні Копенгагенде Дания құрамасына қарсы өткізеді.

Оқи отырыңыз:

Рим 2024 жылғы олимпиаданы өткізуден ресми түрде бас тартты

Василий Левит: Өзімді жұлдызбын деп есептемеймін

Қазақстандық Денис Ұланов Рио ойындарының қола жүлдегері атанды

Қуат Найман: Ешкім танымайтын “Алаш прайд” клубы менің арқамда танымал болды (видео)

Талқылау