Astana LRT ісі: Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков 7 жылға сотталды
Елордада салынбай қалған Astana LRT құрылысына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қанат Сұлтанбеков Қылмыстық кодекстің 189-бабының 2-тармағы және 28-баптың 3-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылсын. Мемлекеттік салада қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздік деңгейі орташа деңгейдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтесін", - деді судья Виктория Семенова үкімді оқи отырып.
Айта кетсек, Т.Ардан мен Қ. Сұлтанбековке қатысты үкім сырттай шығарылды.
Судья оның себебін екі сотталушының да Қазақстаннан тыс жерде екенін және сотқа келуден жалтаруымен байланыстырды.
"Талғат Ардан Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылсын. Айыптыны мемлекеттік салада қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіпсіздік деңгейі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтесін", - деді судья.
Естеріңізге сала кетейік, Astana LRT компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан мен елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков интерполда жеңіл рельсті көлік құрылысы жобасын іске асыру кезінде сыбайлас жемқорлық пен жымқыру ісі бойынша іздеуде болған. 2020 жылдың қазан айында басталған Astana LRT ісі бойынша жеті сотталушыға жеңіл рельсті трассаны салу кезінде 5,7 млрд теңгені ұрлады деген айып тағылған еді. Ал 8 эпизодтан тұратын қылмыстық іс 155 томға жеткен.