"Астана–Қарағанды" тасжолында 10 автокөлік соқтығысты
6 наурыз сағат 16:30-да "Теміртау – Қарағанды" автожол учаскесінде ("Астана – Қарағанды (айналма жол) – Алматы" автожолының 1449 шақырымы) жол-көлік оқиғасы болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
"Алдын ала мәлімет бойынша, қалың қар жауып, тұман басқаннан 10 автокөлік соқтығысып қалды. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында жедел қызметтер жұмыс істеп, мән-жайлар нақтыланды", – делінген компания хабарламасында.
Сағат 17:00-де "Теміртау – Қарағанды" төлем ақы алу учаскесінде барлық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Жол белгілері қолданыстағы заңнамаға сәйкес орнатылды.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында жантүршігерлік жол апаты болып, 4 адам қаза тапты. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 6 ақпан күні қала сыртындағы жолда Toyota Camry мен КамАЗ соқтығысқан. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды.