Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баланы әскерге барып өлсін деп туған жоқпыз": Астана әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары митингке шықты (видео)

Астана әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары митингке шықты

Фото: Видеодан скрин

Әскерде жүріп қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары Үкімет үйінің алдында жиналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Митинг туралы журналист Лұқпан Ахмедьяров хабарлады. Ол оқиға орнынан видео түсіріп, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, акцияға қатысушылармен кездесуге қорғаныс министрі немесе оның өкілі шығуы керек болған. Алайда митинг басталған сәтке дейін ешкім шыққан жоқ.

Жиналған ата-аналар өз ұлдарының белгісіз жағдайда қаза табуына қатысты тергеудің әділ жүргізілуін талап етеді. Олардың кейбірі "Баланы әскерге барып өлсін деп туған жоқпын", "Реформа талап етеміз!" деген жазуы бар плакаттар ұстап алған. 

“Сарбаздардың өлімі тоқтауы керек. Әділ тергеу жүргізілсін. Әділ сот болсын!” – деді әйелдердің бірі.

Ата-аналар ұлдарының өлімі үшін жауаптылардың жазаға тартылмай, қызметінен босатылып кететінін айтып, қапалы. 

“Дәлелдерді жойып жатыр, кінәлілер жазадан құтылып жүр, ал біздің балаларымыз қаза табуда! Неге ешкім жазаланбайды? Көп жағдайда офицерді немқұрайлылығы үшін жұмыстан шығарады. Бұл – әділетсіздік” – деді ата-аналардың бірі.

Митингіге шыққан жалғызбасты ана ұлының әскерден мүгедек болып оралғанын айтып, биліктен әділдік талап етті.

“Қазақстанда тұрамын, бірақ балам мүгедек болып қалды. Ем көрсетпейді. Қашанға дейін қорланамыз? Егер заң жоқ болса, өлтірсін. Шаршадым. Үкімет халықты тоздырып бітті. Аналардың құқығы неге тапталады? Балаларымыз әскери борышын өтеп жүріп неге жапа шегеді? Кім бұған жауап береді? Неге ешкім тыңдамайды?” – деді ол.

Сарбаздың анасы “Сау кезінде керек болды, ал қазір баламыз кімге керек?” деп ашынды. Оның айтуынша, билік “балаларың Отан қорғауы тиіс” дейді, бірақ сол Отан қорғаған сарбаздар қорғансыз қалып отыр.

“Шекара ашық, Қытай кіріп жатыр, ертең орыс пен қытайға құл боламыз. Балаларды не үшін әскерге жібереміз? Шындықты айтқан адамдар – Айгерім Тілеужан, Думан Мұхамедкәрім, Марат Жыланбаев не үшін жазаланды? Өйткені заң мен әділдік жоқ”, –  деді ол.

Аналар ҚР Конституциясының 1 және 12-баптарына сүйене отырып, үкіметке келесі талаптарды қойды:

  1. Әскери қызмет кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болған сарбаздардың отбасына мемлекет өтемақы төлеуді міндеттесін.

  2. Өтемақы әділ әрі тең есептеліп, әр жағдай жеке қарастырылсын. Бұл үдеріске ата-аналар мен қоғам өкілдері қатыстырылсын.

  3. Мемлекет әр сарбаздың өмірі мен денсаулығына кепіл болуы үшін келісімшартқа арнайы сақтандыру бабын енгізсін.

Аналардың айтуынша, бұл өтемақы – әділдіктің және мемлекеттің өз азаматтары алдындағы жауапкершілігінің көрсеткіші болуы тиіс.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері кезекшілік етті. Олар бірнеше рет митингке қатысушылардың жанына келіп, тәртіп сақтауды ескертіп, шараның “заңсыз” екенін айтты.

“Жиналғандарды таратпады. Әйелдер плакаттармен жүре берді. Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен кездесуді талап етті”, – дейді куәгерлер.

Акция өтіп жатқан жердің жанында полиция автокөлігі кезекшілік етіп жүр.

Ата-аналар наразылық білдіруді мақсат тұтпайтынын, тек шындықты іздеп, әскерде реформалар жүргізу екенін, осындай қайғылы оқиғалардың қайталанбауын қалайтынын айтады. Қатысушылар министрмен жеке кездесіп, тергеу жүргізу және бейбіт уақыттағы сарбаздардың өліміне жол бермеу шараларын талқылауды талап ететіндерін мәлімдеді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 10 Қараша, 2025 14:31