Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанадағы ағашпен жамалған LRT тірегінің фотосы көптің ашуын туғызды

Әлеуметтік желіде Астанадағы LRT тірегінің жамалған сәті түсірілген суреті тарап, оқырмандардың күлкісін келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: "Астана – Не? Қайда? Қашан?" арнасы

"Көк изолентамен жамау керек еді", "Мына түрімізбен АЭС-ті қалай саламыз?", "Ойлап таппайтындары жоқ", – деп жазды желідегілер.

Алайда бұл арнайы құрылыс үшін пайдаланылатын қалып болса керек.

Көпшіліктің қызу талқысына түскен сурет Telegram-дағы "Астана – Не? Қайда? Қашан?" арнасында жарияланды. Суреттің сипаттамасында әзілмен "LRT аман болсын!" деп жазылған. 

Бұл жағдайға қатысты City Transportation Systems өкілдері түсініктеме берді.

"LRT құрылысы учаскесінде (Ш. Қалдаяқов пен К. Қуанышбеков көшелерінің қиылысында, 114-115 учаскелер аралығында, NR14 тірегінде) монолитті арқалықтардың ішкі жағын бетондау үшін шегендеп бекіту орнатылған. Бұл процесс тростардың алдын ала керілуінен кейін жүзеге асырылған. Қазір бетондау жұмыстары аяқталды. Шегендеп бекіту алып тасталды", – делінген ресми жауапта.



Еске салайық, бұған дейін 20 қыркүйекте Астанада LRT тіректерін тұрғызу жұмыстары толығымен аяқталғанын жаздық. LRT-нің 22 шақырымдық эстакадалық жолының құрылысына қарастырылған барлық 799 тірек салынды. Тіректерді орнатуға 2,5 мың жұмысшы жұмылдырылған.

Талқылау