Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аспаннан күл түсіп, көзді ашытты": Лос-Анджелестегі қазақтар өрттен кейінгі жағдайды айтып берді

Лос-Анджелестегі ауқымды өртке қатысты қазақстандықтар Stan.kz тілшісіне жағдайды баяндап, құтқару қызметінің жедел әрекет еткенін атап өтті. Олардың айтуынша, жергілікті тұрғындар дүрбелеңге салынбай, оқиғаны сабырлы қабылдаған.

Фото: Ria.ru

"Аспаннан шаң емес, өрттің күлі түсті"

22 жастағы Омар Жолдасбек Лос Анджелестегі Santa Monica колледжінің 3-курсында білім алып жатыр. Қазақстандық жігіт өрт кезінде құтқару қызметі жедел әрекет еткендіктен аса қатты қорықпадық дейді. 

"Бұл жақта студентпін. Оқып жүргеніме үш жыл болды. Жағдайды өрт болған кезде ғана естідім. Әлеуметтік желіде оқиға туралы ақпарат тез тарап кетті. Өрт болған жерде тұрмасам да, жалынның әсері қатты көрінді. Таңертең үйден шықсақ, дала қатты тұмша, аспаннан шаң емес, өрттің күлі түсті. Дала қызыл-сары түске боялып тұрды. Көзді ашып-жұмсаң, қышып, ашытады. Демалу мүлдем қиын. Бәрі эвакуация жасап жатқан кезде мен қорғану шараларын жасамадым. Қатты қорқынышты болған жоқ", – деді Омар Жолдасбек. 

Омар Жолдасбек Америкада төтенше жағдайды хабарлау қызметі жақсы дамығанын айтады. Өрт кезінде жігіттің телефонына кенеттен қандай жағдай болып жатқаны туралы қоңырау секілді хабарлама келген екен. 

"Телефоныма Emergency Alert System деген хабарлама келеді. Ол тек өрт кезінде ғана емес, адам жоғалған кезде де келеді. Бірде бізде жер сілкінісі болмай тұрып, маған хабарлама 1 секунд бұрын келді. Жедел хабар тарату бұл елде қатты дамыған. Әлеуметтік желіде, телеарналарда, радиоларда қай жаққа бару-бармау керек екенін және сақтану керек екенін айтып отырды. Эвакуация кезінде таулы аймақта тұратын қазақ достарым, ол жерден әрең қашып үлгерген", – деді қазақ жігіт. 

Фото: Омар Жолдасбектің жеке архивінен

Отандасымызға өрт мүлдем зиянын тигізбеген. Себебі Омар қаланың ортасында, Downtown ауданында тұрады. Омардың сөзінше, өрт көбіне Beverly Hills, Santa Monica, Pacific Palisades және Malibu жақтарда болды. 

"Көбіне байлар тұратын Pacific Palisades ауданында жалын қатты өршіді. Таулы аймақта ағаштар көп өсіп тұрғандықтан өрт көбіне сол жақта болды. Өрт болмай тұрып, қалада бір күн бұрын қатты дауыл тұрды. Дауыл салдарынан қалада ағаштар құлап, көше қатты лас болып кетті. Меніңше, ағаштардың бірнешеуі электр желісіне құлап, өрт басталып кетуі де мүмкін. Морадерлердің өздері өртті жандырған деген нұсқа да айтылып жүр", – деді студент Омар Жолдасбек.

Омар Жолдасбектің сөзінше, 14 қаңтар күні бұрынғы АҚШ президенті Джо Байден Калифорниядағы орман өрттерінен зардап шеккендерге мемлекет тарапынан 770 доллар көлемінде біржолғы төлем берілетінін айтқан. Омар Жолдасбек қазіргі мемлекеттік көмек бағдарламасына 6 мың адам тіркелгенін атап өтті.

"Орман өртінен зардап шеккен тұрғындарға психологиялық көмек беріліп жатыр. Өрттен кейінгі үйлерге қауіпсіз оралуға арналған құралдар ұсынылды. Құралдар құрамына: қолғаптар, қорғаныш көзілдіріктері және қоқыс жинауға арналған жинақтар кіреді. Жергілікті билік бұл зардап шеккендерге өздерін қауіпсіз сезініп, орнында жұмыс істеуге мүмкіндік береді дейді", – деп атап өтті Омар Жолдасбек.

Жергілікті ақпарат көздеріне сенсек, мемлекет қолдауды іске асыру үшін 5 доллар миллионнан астам қаражат жіберген. Қазір Лос-Анджелесте өрт жағдайында екі адам қасақана өрт қою бойынша күдікпен ұсталды. Жергілікті полиция департаментінің деректеріне сүйенсек, ұсталғандардың бірі – қоқысты өртеген әйел. Ол бұл әрекетін "хаос пен қиратуды жақсы көретінімен" түсіндірген. Екінші күдікті – ағашқа от қойған ер адам, ол бұл қадамға "жанып жатқан жапырақтардың иісін жақсы көретіндіктен" барғанын айтқан.

Айта кетейік, Лос-Анджелестегі өрт кезінде ұрлық жасаған 40-тан астам адам ұсталды. Жергілікті полиция департаменті оқиға Санта-Моника ауданында болғанын мәлімдеді. Өрттің күшеюінен 88 мың тұрғын баспанасын тастап қашуға мәжбүр болған. Мұны пайдаланып, ұры-қарылар бос тұрған үйлердің құлпын бұзып, ішіндегі заттарды тонаған. Құқық қорғаушы орган өкілдерінің дерегі бойынша ұсталғандардың көбі басқа аудандардан келген. Оларды тергеу барысында резеңке қолғап, бетперде мен терезелерді сындыруға арналған құралдар табылған.

"Орыстар ғана наразылық білдірді"

Ал Айжан Шақабаева есімді отандасымыз қалада өрт басталғанын 7 қаңтар күні кешке білген. Алғашқы күні ол балаларын мектепте апарып тастап, кейін өзі жұмысқа кеткен. Алайда жергілікті билік мемлекеттік мектепте оқитын балаларын алып кетіп, ата-анасына есік-терезені ашпау керек екенін ескерткен.

"Қазақтардың көбі орталықта тұрады. Таулы аймақта тұратын қазақ достарымыздың айтуынша, жануарлар өрттен қашып, төменге түсіп жатыр. Қасқырлар, еліктер үйірімен қалаға қарай қашқан. Өрттің көлемі қаншалықты үлкен болса да, төтенше жағдай қызметкерлері адам шығынын жасамауға тырысты. Бізге қарағанда мұнда адамдар дүрбелеңге салынбайды. Халық балалары, үй жануарларына қатты уайымдады. Тұрғындар үйлеріне зақым келгеніне қарамастан, олар уайымға салынбайды. Өйткені үйлерді қайта тұрғызуға мемлекеттен қаржы бөлінеді. Мемлекеттік мектептер ғана жабық. Ал жекеменшік мектеп мен университеттердің көбі ашық, жұмыс істеп жатыр. Орталықтағылардың көбі жұмысын тоқтатқан жоқ", – деді Айжан Шақабаева.

Айжан Шақабаеваның айтуынша, Қазақстандағыдай жергілікті адамдар наразылыққа шықпаған.

"Наразылық білдіріп жатқан тек ТМД-ның орыстары ғана. Олардың "әрдайым ешнәрсеге көңілі толмай жүруі" қанына сіңген секілді. Себебі олар басқа елде жүрсе де, өз елінде де ешнәрсеге разы емес. Сонымен қатар мұнда көп адамның қаза таппауы – үлкен көрсеткіш. Осы арқылы олардың құтқару қызметі мықты дамығанын атап өткен жөн. Демек ел үшін адам өмірі, жануарлардың өмірі және жалпы тіршілік иелерінің өмірі аса маңызды. Олардың дүниені емес, адамды құтқарып қалуы – мен үшін ең жоғары деңгей", – деді Айжан Шақабаева. 

Еске салайық, бұған дейін Америкадағы Лос-Анджелестің Тынық мұхиты аймағында тұратын тұрғындар эвакуацияланды. Өрт 1200 акр (485 гектар) аумақты қамтып, Тынық мұхитына қарай түтін тарады. Құтқару жұмыстарына жедел топтар, тікұшақтар және ұшақтар жұмылдырылды. Лос-Анджелес өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, өрт 10 000 үй мен 13 000 ғимаратқа қауіп төндірген. Желдің жылдамдығы секундына 45 метрге жетіп, жағдайды ушықтырып жіберген.

Талқылау