Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әскерилер бір-бірімен жарысқан": Ақтөбе облысында әскери қызметкер 17 жастағы қызды қағып өлтірді

Самара – Ташкент автожолында қатты жылдамдықпен келе жатқан әскери қызметкер жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан 17 жастағы қызды қағып кетті. Ауыр жарақат салдарынан кәмелет жасқа толмаған қыз ауруханада көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ZTB News порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Жол апаты 1 тамыз күні болған. Марқұмның әпкесі әлеуметтік желідегі парақшасында көлік жүргізушісінің жазалануын талап етіп, жазба жариялады. Опат болған қыздың әпкесінің айтуынша, қыз жаяу жүргіншілер жолынан өтпек болған. Оны байқаған трактор тоқтап, ереже бойынша оған жол берген. Алайда қыз трактордың артында келе жатқан көлікті көрмеген. Жүргізуші трактордың тоқтап тұрғанына мән берместен қатты жылдамдықпен жаяу жүргіншіні қағып өткен көрінеді. 

“Ауруханаға жеткенде ол ес-түссіз еді. Ол өздігімен дем ала алмағандықтан, оны бірден жансақтау бөліміне жатқызды. Бірақ дәрігерлер оның алған жарақаттары ауыр екенін, жағдайы тым мүшкіл екенін айтты. Дәрігерлер 3 сағат бойы Ақботаны аман алып қалуға тырысты. Біз одан айырылып қаламыз деп ойламадық”, – деп жазды желі қолданушысы.

Марқұмның әпкесінің айтуынша, тіпті ауруханада болған кезде де бірде бір полиция қызметкері барып хаттама толтыру туралы айтпаған. Ешкім олардан жауап алмаған. 

Алғашында ол сіңлісін қағып кеткен әскери қызметкердің жазаланбағанын айтып, шағымданған еді. Марқұмның жақындары жантүршігерлік жол апаты туралы әлеуметтік желіге салып, мәселені көтерген.

“3 тамызға дейін бізге ешкім хабарласпады.Қылмыстық іс қозғалған не қозғалмағанын өзіміз барып білдік. Бізді МАИ-ға жіберді, оларға қайта полицияға баруымыз керегін айтты. Ал полициядағылар бұл іспен әскери полиция айналастынын жеткізді. Не істерімізді білмедік. Өзіміз адвокат жалдап, кіріскенде қылмыстық істің қозғалмағанын білдік. Заң бұлай баяу қимылдайтын болса, халық көмектеседі деп ойладық”, – делінген жазбада.

Аймақтық қоғамдық парақшаларда қолданушылар арасында шу шыққан соң ғана полицейлер бұл істі толық қолға алған. Себебі күдікті тек 6 тамызда, яғни қайғылы оқиғадан кейін бір аптадан соң ұсталды.

“Тергеу соты күдікті Темір С.Т. санкциямен қамауға алды”, – деді Ақтөбе гарнизоны әскери полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Талғат Ахметов.

Сондай-ақ марқұм қыздың әпкесі қылмыстық іс жүріп жатқанымен, оның күмәнді тұстары көп екенін айтады.

“Анама неге екені белгісі судья хабарласты. Бірақ заң бойынша бұлай болмау керек. Сонымен қатар сараптама оқиға орнынан бастап қате жүргізілген. Содан кейін олар басқа аурухананы және қыздың денесінде тек бір жарақат болғанын көрсеткен. Онда өтірік көп, олар оқиғаның орнын және көліктің маркасы мен нөмірін де көрсетпеген. Күдікті өз кінәсін мойындаған, бірақ оның айтқаны шындыққа жанаспайды. Ол сіңлімнің “жоқ жерден атып шықты” деп жазған. Осылайша жазасын жеңілдетуге тырысып жатыр. Ал біз әділдікке қол жеткізгіміз келеді, біз қарапайым халықпыз, заң бойынша біздікі дұрыс”, – дейді қыздың әпкесі. 

Ол осылайша іс сотталушының пайдасына шешілуі мүмкін деп қорқады.

Араға уақыт салып қайғылы оқиғаны өз көзімен көрген куәгер де табылды. Оның айтуынша, күдікке іліген әскери қызметкер әріптестерімен жарысқан. 

“Мен жолда туыстарыммен келе жатқанда алдымыздан екі көлік өтті. Бірі ақ, екіншісі қара. Олар жарысып бара жатқандай болды. Ақ көлік алға қара озып, жаяу жүргіншілер жолына өтіп кетті. Салдарынан ол қызды қағып кетті, оның сөмкесі қолынан ұшып кеткенін көрдім. Кейін әлеуметтік желілерде ол қыздың хиджаб кигені туралы жазбаны көрдім. Бірақ біз өтіп бара жатқанда қыздың басындағы орамалы түсіп кеткен екен. Сондықтан мен оны бірден танымаыдм. Тек сол сөмкені көргенде ғана есіме түсті. Қатты соққыдан кейін қыз ұшып түсті”, – дейді куәгер. 

Сондай-ақ ол жол апатынан кейін екі көліктен 8-ге жуық әскери киімдегі ер адам шыққан. Олар қыздың тамыры ұстап көріп жатты. 

 

Талқылау