Әскери шеруді терезеден тамашалауға тыйым салған: Сот Астана тұрғынының қорғаныс министрлігіне қарсы арызын кері қайтарды
Видеодан скрин
Астана тұрғыны өз үйінің терезесінен әскери шеруді көруге тыйым салғаны үшін қорғаныс министрлігін сотқа берген еді. Сот тұрғынның талап-арызын кері қайтарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Сот талап-арызға қоса тіркелген материалдарды әкімшілік әділет шеңберінде зерделей келе, бұл талап-арыздың әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайтынын анықтап, кері қайтарды. Сот бұл даудың жария-құқықтық сипатта емес екенін, әкімшілік немесе басқа да билікке негізделген бағыныштылыққа жатпайтынын және әкімшілік рәсім аясында құқықтар мен міндеттерге әсер етпейтінін атап өтті”, – делінген Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының хабарламасында.
Соттың мәліметінше, қорғаныс министрлігінің жауабы тек түсіндірмелік сипатта болған, сондықтан талапкер үшін қандай да бір құқықтық салдар туғызбайды.
Еске салсақ, Астана тұрғыны үйінің терезесінен әскери шеруді көруге тыйым салғаны үшін қорғаныс министрлігін сотқа берді.
Айта кетейік, Астана тұрғындары Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды әскери шеру күні өз үйлерінің терезелерінен қуылып, бұл жағдайға наразылық білдірген еді. Дрондар 20-қабатты үйдің биіктігіне дейін көтеріліп, арнайы дауыс арқылы тұрғындарға терезелерді жабуды және артқа шегінуді талап еткен.
Еске салсақ, бұған дейін Астанадағы әскери шеруді терезеден тамашаламақ болған тұрғынға дронмен ескерту жасалғаны туралы жазған едік.

Биыл қай салаға қанша грант бөлінді: Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар аталды
