Қазақстанда әскери қызметтен жалтарғандар мен бас тартқандарға қандай жаза қарастырылады
Қарулы күштерге көктемгі шақыру 1 наурызда басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Сонымен қатар, әскери қызметтен бас тарту немесе жалтару жағдайлары көбейіп барады. Мұндай жағдайда қандай жаза қарастырылған? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sarbaz.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: gov.kz
Әскери қызметке шақыру келгеннен кейін еш себепсіз белгіленген уақытта келмеу жалтару болып саналады.
Бұл қылмыс азаматтарды әскери қызметке шақырудың белгіленген тәртібін бұзуынан, нәтижесінде мемлекеттің қорғаныс қабілетіне зиян келтіруінен тұрады.
Әскери есепке қою жөніндегі міндетті орындамаған және әскери қызметтен жалтарған жағдайда мұндай құқық бұзушылықтар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес, "әскери қызметтен жалтару" бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады:
Әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтарған үшін 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза қолданылады, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылады.
Дәл сол әрекет:
- өзіне зиян келтіру арқылы;
- ауруды имитациялау арқылы;
- құжаттарды қолдан жасау немесе өзге де алдау тәсілі қолданылғаны үшін, – үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза қолданылады.
Ескерту: егер тергеу органы істі сотқа бергенге дейін әскерге шақырылушы әскерге шақыру учаскесіне өз еркімен келсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Айта кетейік, биыл көктемде 20 мыңнан астам қазақстандық әскерге шақырылады. Нақтырақ айтсақ, Қарулы күштерге 9 мың, Ұлттық ұланға 6 мың, шекара қызметіне 3 мыңға жуық, ал төтенше жағдайлар министрлігі мен мемлекеттік күзет қызметіне 300 адам қабылданады. Борышын өтейтін азаматтарға арнайы кредиттік демалыс қарастырылған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше сарбаздар арасында 14 мыңнан астамында несие бар. Олардың жалпы қарызы 6 миллиард теңге.
Бұдан бөлек, әскерге шақырылғандардың тізімінде запастағы офицерлерде бар. Олар жетіспейтен мамандар қатарын толықтырады.
Еске салайық, наурыз айының басында қарулы күштер бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары басқармасы бастығының орынбасары Азамат Досымов азаматтар әскерге шақыртудан жалтарса, жергілікті әскери басқару органдары оларға қажеттілік туралы хабарламаса, ақпарат аумақтағы тиісті ішкі істер органдарына жіберілетінін хабарлаған еді.