Әскери қызметкерлерге берілетін оқу гранты: ЖОО-ға түсу үшін сарбаздарға жеке жинақтау рейтингі енгізіледі
Қорғаныс министрлігі ведомствоаралық кеңесінде әскери қызметкерлер ҰБТ-сыз жоғары оқу орнында білім алуы бойынша жоба ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қорғаныс министрлігінің мерзімді қызметтің үздік әскери қызметшілерін жоғары оқу орындарында тегін оқыту бастамасын еліміздің көптеген жоғары оқу орындары қолдады.
Қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар министрліктерінің, мемлекеттік күзет қызметінің, ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің және ұлттық ұланның өкілдерімен оқуға жеңілдіктер алу бойынша әскери қызметшілерді іріктеу тәртібі талқыланды.
Кеңестің қатысушылары регламентті қолдады. Оған сәйкес оқуға іріктеу кезінде қызмет барысында мемлекеттік-құқықтық, жауынгерлік және атыс даярлығы пәндерін игеру деңгейі ескеріледі. Бағалау критерийлері жеке тәртіп, әскери қызметшілердің бөлімшенің күнделікті қызметінде арнаулы міндеттерді орындауы мен сапасы және оның психологиялық мәртебесіне байланысты.
"Бес балдық шкала бойынша бағалау жүреді. Әр критерийге баға қойылып, соның орташа бағасы жеке рейтинг болады. Әскери қызметшілердің аралық және қорытынды тексерулерінің нәтижелері қорғаныс министрлігінің цифрлық платформасында ай сайын орналастырылады. Оны қорғаныс ведомствосы өкілдері арасынан тәуелсіз комиссия жүргізеді. Осылайша, әрбір әскери қызметшінің жеке жинақтаушы рейтингі болады", - делінген хабарламада.
ЖОО-ға бөлуді ведомствоаралық комиссия жүргізеді. Іріктеу нәтижелері мемлекеттік органдардың ресми сайттарында жарияланады.
Қазіргі уақытта қорғаныс министрлігі жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен мамандықтар тізбесі және жыл сайын бөлінетін орындар санын анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.