Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әскерге күштеп әкетілген талапкер грантынан айырыла ма: Назарбаев университеті түсіндірді

Фото: nu.edu.kz

Назарбаев университеті әскерге күштеп әкетілген талапкер Нұрсұлтан Табынбайға берілген грантқа не болатынын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

4 маусым күні Назарбаев университетінің талапкері Нұрсұлтан Табынбайды күштеп әскерге алып кеткен еді. Ол Foundation бағдарламасын аяқтап, университетте оқуға шақырту алған. Туыстарының айтуынша, оны ешқандай шақыру қағазынсыз әкетіп, бірден әскерге жіберген. Осы себепті ол оқуға түсу рәсімін толық аяқтай алмай, грантынан айырылып қалу қаупі пайда болған еді.

Университеттің баспасөз қызметі студенттің гранты сақталатынын мәлімдеді.

"Білім беру мекемесі ретінде біз талапкердің тегін жоғары білім алу құқығын сақтаймыз. Егер ол мерзімді әскери қызметін өтейтін болса, оған академиялық демалыс беріледі", – деді университет өкілдері.

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысы Абай ауылында әскери комиссариат қызметкерлері полициямен бірлесіп, Назарбаев университетіне оқуға түскен жігітті ұстап, әскерге әкеткені туралы жазған едік. Кейіннен қорғаныс министрлігі жағдайға қатысты пікір білдіріп, әскери комиссариат қызметкерлерінің әрекеті заңды екенін айтты. 

Дана Русланқызы
Жұма, 13 Маусым, 2025 20:39
Талқылау