Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асхат Тағыберген ұлттық құрамаға қайта орала ма?

Асхат ТағыбергенФото:ҚФФ

Асхат Тағыберген ұлттық құрамаға қайта оралу мәселесіне нүкте қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қостанайдың Тобыл клубының жартылай қорғаушысы, Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны ASnews YouTube-арнасына берген сұхбатында шұғыл жағдай туындап, арнайы шақырту болса көмектесуге дайын екенін айтты. Алайда ол мұндай шешімнің дұрыс болмайтынын да атап өтті.

    "Егер шұғыл қажеттілік туындап, арнайы шақырту болса, көмектесуге дайынмын. Алайда, шынымды айтсам, бұл дұрыс шешім болмас еді деп ойлаймын. Мені құрама сапынан лайықты түрде шығарып салды. Ел намысы үшін барымды салдым деген сезімдемін", – деді футболшы.

Айта кетейік, Тағыберген 2025 жылы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде ұлттық құрамадан кететінін хабарлаған.

Ол Қазақстан құрамасында алғаш рет бас бапкер Юрий Красножан жетекшілігімен 2014 жылғы 7 маусымда Будапештте Венгрияға қарсы жолдастық матчта дебют жасған. Кейін оны ұлттық құрамаға Талғат Байсуфинов (2016) және Александр Бородюк (2017) шақырды.

Асхат Тағыбергеннің 2023 жылы Дания қақпасына алыстан соққан голы футбол жанкүйерлері арасында кеңінен талқыланып, Пушкаш сыйлығы үміткерлерінің қатарына енді.

Жалпы, Асхат Тағыберген Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 63 матч өткізіп, 3 гол соққан.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 20 Ақпан, 2026 20:48