Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асхат Шахаров "Ақтөбе" футбол клубының Qazaq Stroy иесіне сатылғанын растады

клубФото: diapazon.kz

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Qazaq Stroy құрылыс компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев "Ақтөбе" футбол клубына инвестор болатынын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Клубқа қызығушылық танытқан кәсіпкер анықталды. 1-2 айдың ішінде барлық рәсімдерді аяқтаймыз деп ойлаймын. Әлеуметтік желілерде ақпарат тарады, біз оны жасырмаймыз. Qazaq Stroy компаниясының басшысы қызығушылығын білдірді. Ол ақтөбелік, бала кезінен “Ақтөбенің” жанкүйері. Өзінің айтуынша, бала кезінен ата-анасымен бірге стадионға барып жүрген. Президенттің тапсырмасын орындауға дайын екенін жеткізді", – деді Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Аймақ басшысының айтуынша, енді клубтың дамуы инвестордың құзырында болады, алайда әкімдік инфрақұрылымдық қолдауды жалғастырады.

Бұған дейін Forbes Kazakhstan дереккөзі клубты бизнесменнің басқаруына беру жөнінде келісім жасалғанын хабарлаған. Инвестиция көлемі мен команда құрылымындағы алдағы өзгерістер әзірге жария етілмеді. Интернат салу немесе ойыншылар құрамын өзгерту мәселесі де ашық қалып отыр.

Еске салсақ, қараша айының басында облыс әкімі клубты жеке инвесторға беру 2025 жылдың соңына дейін рәсімделетінін мәлімдеген, бірақ иесінің есімі сол кезде аталмаған.

2025 жылы "Ақтөбе" – жеке бизнеске берілген төртінші футбол клубы. Оған дейін инвесторлар келесі командаларға тартылған:

-    "Қайсар" (Қызылорда): 2025 жылғы 30 қазанда клуб TAU Group Ltd. иесі Исламғали Қозбақовтың басқаруына өтті. Инвестиция көлемі 12 млрд теңге.
-    "Қызыл-Жар" (Петропавл): инвестор ЦАТЭК компаниясының тең иесі Сергей Кан. Ол жыл сайын кемінде 1 млрд теңге құюға міндеттелді.
-    "Жеңіс" (Астана): жаңа иесі Михаил Ломтадзе. Футбол академиясын дамытуға 16 млрд теңге бағыттау жоспарланған.

Сонымен бірге "Шахтёр" (Қарағанды) клубын жекешелендіру мәселесі талқыланып жатыр. Жобаға қызығушылық білдірген Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов. Ықтимал инвестиция көлемі 18 млрд теңге. Клубты жеке қолға беру жөніндегі шешім қоғамдық тыңдауда қаралады.

"Тараз", "Елімай" және "Ертіс" клубтары бойынша да келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Нұрлан Артықбаев – Алматы мен Астанада тұрғын үй құрылысына маманданған Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаушы және негізгі иесі. Forbes Kazakhstan-ның 2025 жылғы мамыр айындағы рейтингі бойынша елдің ең бай 75 кәсіпкерінің ішінде 44-орында, байлығы – 228 млн доллар.

Qazaq Stroy Forbes тізіміндегі Қазақстанның ең ірі компаниялары арасында 14-орында: 2024 жылғы кірісі 313,9 млрд теңге, таза пайдасы 45,7 млрд теңге.

Сонымен қатар Артықбаевқа тиесілі Telecom Systems Ltd. 2024 жылдың соңында "Қазақтелекомның" 9,19% акциясын Jusan Bank-тен 42,77 млрд теңгеге сатып алған. 2025 жылғы 1 қазанда оның үлесі 9,84%-ға дейін өсті.

Айта кетейік, бұған дейін астаналық “Жеңіс” футбол клубын Kaspi.kz компаниясының басшысы әрі тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе сатып алғаны хабарланды.
 

Рая Мінәп
Сәрсенбі, 19 Қараша, 2025 13:42
Талқылау