Аса қымбат зат тауып алдыңыз. Сізді ұрлықшы деп айыптамас үшін не істеу керек
Егер сіз көшеден қымбат бұйым тауып алсаңыз, онда заң бойынша оның иесінен заттың құнының 30 пайызын талап етуге құқыңыз бар. Stan.kz азаматтық кодексті ақтарып, пайдалы кеңестер жиынтығын дайындап шықты.
Фото: The New Daily
- Жоғалған затты тауып алушы бұл туралы оны жоғалтқан адамға немесе заттың меншiк иесiне немесе оны алуға құқығы бар өзiне белгiлi басқа адамдардың бiреуiне дереу хабарлауға және табылған затты оған қайтаруға мiндеттi.
- Егер зат үй-жайдың iшiнде немесе көлiкте табылған болса, ол сол үй-жайдың немесе көлiктiң иесi болып табылатын адамға тапсырылуға тиiс. Мұндай ретте осы иеленушi затты тапқан адамның құқықтарын иеленiп, оның мiндеттерiн мойнына алады.
- Егер табылған затты алуға құқығы бар адамның өзi немесе оның тұрған жерi белгiсiз болса, затты тауып алушы олжа туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлiмдеуге мiндеттi.
- Затты тауып алушы оны өзiнде сақтауға не iшкi iстер органдарының, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының немесе олар көрсеткен адамның сақтауына тапсыруға құқылы.
- Сақтауға келмейтін, тез бұзылатын заттарды тауып алған тұрғын оны пайдасын көрсететін құжат ала отырып, іске асыра алады. Ол тауып алған затты сатудан көрген пайданы сақтап, заттың қожайынына қайтаруы тиіс. Табылған заттардан түскен ақша сақтауға және қайтаруға беріледі. Немесе талапқа сай келетін өзге адамға жіберуге болады.
- Затты тауып алушы оның жоғалтқаны немесе бүлдiргенi үшiн өзiнiң жасыру ниетi болған немесе өрескел абайсыздық жасаған ретте ғана және сол заттың құны шегiнде жауапты болады.
- Егер олжа туралы iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлiмденген кезден бастап алты ай өткенше жоғалған затты алуға заңды құқығы бар адам анықталмаса және затқа өзiнiң құқығы туралы оны тапқан адамға не iшкi iстер органдарына немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына мәлiмделмесе, затты тауып алушы оған меншiк құқығын алады. Егер затты тауып алушы тапқан затын меншiгiне алудан бас тартса, ол коммуналдық меншiкке өтедi.
- Затты тауып алушы және оны алуға заңды құқығы бар адамға қайтарып берушi ол адамнан, ал зат коммуналдық меншiкке өткен ретте – тиiстi жергiлiктi атқару органынан затты сақтауға, өткiзуге, сатуға байланысты қажеттi шығындарды және затты алуға заңды құқығы бар адамды табуға кеткен шығындарды өтетiп алуға құқылы.
- Затты тауып алушы затты алуға заңды құқығы бар адамнан зат құнының отыз процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқылы. Егер табылған зат оны алуға заңды құқығы бар адам үшiн ғана құнды болса, сыйақының мөлшерi тараптар есептеп шығарған баға бойынша белгiленедi.
- Егер затты тауып алушы өзiнiң олжа туралы мәлiмдеу мiндетiн орындамаса немесе олжаны жасырып қалуға өзге де әрекеттер жасаса, сыйақы алу құқығы туындамайды.
- Көмбе, яғни жерге көмiлген немесе басқа әдiспен жасырылған, меншiк иесiн анықтау мүмкiн болмайтын не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларға құқығынан айрылған ақша немесе өзге де бағалы заттар көмбе жасырылған жер учаскесi меншік иесінің немесе қозғалмайтын затты меншiктенушiнiң және көмбенi тапқан адамның, егер олардың арасындағы шартта өзгеше белгiленбесе, меншiгiне тең мөлшерде түседi.
- Көмбе жасырылған жер учаскесiн пайдаланушының (жер пайдаланушының) немесе жылжымайтын затты меншiктенушiнiң келiсiмiнсiз қазған немесе бағалы заттар iздестiрген адам көмбенi тауып алған жағдайда көмбе меншiк иесiне берiлуге тиiс.
- Мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбе табылған ретте олар Қазақстан Республикасының меншiгiне берiлуге тиiс. Бұл орайда ондай көмбе табылған жер учаскесінің меншік иесі немесе қозғалмайтын мүлiктi меншiктенушi және көмбенi тапқан адам осы көмбе құнының елу процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқылы. Сыйақы бұл адамдар арасында осы баптың 1-тармағында көзделген ережелер қолданыла отырып бөлiнедi.
Оқи отырыңыз:
БҚО-да ауыл әкімі баласының өлімі жайлы деректер анықталды
Маңғыстау облысында рекордтық салмақпен нәресте өмірге келді
Қытайдағы қазақ оқушының шығармасы жұрттың жүрегін елжіретті
Талқылау