"Арзан бағаға Қытайдан тауар алып беремін деген": Маңғыстау облысында бір топ халық келіншекке алданған
Маңғыстау облысында ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы арзан бағада аламыз деп, алданып қалған тұрғындар шу шығарды. Олар миллиондаған ақшаларын Нұргүл есімді әйелге санап берген, алайда тапсырыстарын 1,5 жылдан бері ала алмағандарын айтады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Түсірілімнен скриншот
Маңғыстаулық келіншек Қытай зауыттарынан тауарды арзанға алып беремін деп халықтан тапсырыс алған. Алайда тауар да келмепті, ақшаларын да қайтармаған. Тұрғындар күнде күдікке ілінген келіншектің үйінің алдын торуылдауға мәжбүр. Олар берген ақшаларын қайтаруды талап етеді.
Нұргүл есімді әйел Whatsapp желісі арқылы арнайы топ ашып, сол жерге тауардың суреттерін жіберіп, тапсырыс жинаған. Алғашында тапсырыстар уақытылы жетіп тұрған соң, халық сеніп, басқа да адамдарға арзан тауарды ұсына бастапты. Осылайша олар халықтың ақшасын жинап, Нұргүлге берген. Бірақ бір жарым жылдан бері не тауар келмей, не ақша қайтарылмай, көптің берекесі кетті.
“Тауар жоқ, тіпті тапсырыс бермеген. Сол ақшаға зат алған шығар, үй немесе көлік алған болар. Енді үйді сатып, бізге қаржыны қайтарсын. Себебі бізден де бұл ақшаны сұрап жатыр. Ал біз мұны тапсырыс беруге жібердік. Ақшаларды жинап алып, көлік мініп, қыдырып, Америкаға саяхаттап жүрген жоқпыз. Нұргүл мен Гүлнұрға сеніп, тапсырыс бердік”, – дейді жәбірленуші Анар Закибай.
“Астымда көтерме саудамен сататындар көп. 70 шақты көтерме саудаға шығын келді. Солардың бәріне есептесем, 60-70 миллион қарызбын. Оның бәрін қайтара алмаймын. Сонда ол біздің ақшамызды жейді екен, біз қалай тауып береміз?”, – деді жәбірленушілердің бірі Айдана Мәлікбаева.
Жұрт бұл әйел халықтың ақшасына өзіне дүние-мүлік сатып алған деп топшылайды. Полицияға арыз жазғандардың саны шамамен мыңнан асқан. Іс "алаяқтық бабы" бойынша қозғалды.
“Күдіктіге қатысты үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізуде”, – деді Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бөлім бастығының міндетін атқарушы Айгерім Ибатуллаева.
Ал халықтың ақшасын иеленген Нұргүлдің өзі ешқандай жауап бермеді.