"Көлемді айыппұлдар қарастырылған": Әртүрлі елдерде блогерлер салықты қалай төлейді
Қытайда салық мөлшерлемесі табысқа пропорционалды. Табыс неғұрлым жоғары болса, салық соғұрлым көп және керісінше болады. Тариф 3-тен 45%-ға дейін өзгереді. Төлемегені үшін үлкен айыппұлдар қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: freepik
АҚШ-та цифрлық контент жасаушылардың табыс салығы 37%-ға жетті
АҚШ-та контент жасаушылар блог жүргізу хоббиі, толық емес жұмыс күні немесе толық уақытты кәсібі екеніне қарамастан салық төлеуге міндетті. Ережелерді салық қызметі қатаң реттейді. Басқа жеке кәсіпкерлер сияқты, инфлюенсерлер серіктестік бағдарламалардан, жарнамадан, демеушілік келісім-шарттардан және цифрлық өнімдерді сатудан түскен кірістерін жариялауы керек. Сонымен қатар табыс неғұрлым жоғары болса, федералды салық мөлшерлемесі соғұрлым жоғары болады. Жеке табыстың мөлшерлемесі 10-нан 37%-ға дейін өзгереді.
Оған қоса, егер контент жасаушыға құны 100 доллардан (50 мың теңгеден аса) асатын өнім берілсе, олар да салыққа жатады.
Қытайда блогерлер салықтан жалтарса қомақты айыппұл салынады
Қытайда блогерлерге қатысты қатаң салық ережелері бар. Аспан асты едінде табыс салығы сомасына байланысты 3-тен 45%-ға дейін көтеріледі. Билік 2021 жылы блогерлер мен стримерлердің кірісіне бақылауды күшейте бастады. Жүйе жыл сайын жетілдіріліп келеді.
Сонымен қатар цифрлық кәсіпкерлерге табыстарын жасыру қиын. Өйткені мамандандырылған агенттіктер транзакцияларды бақылау үшін үлкен деректер мен автоматтандырылған жүйелерді белсенді пайдаланады. Төлем төлеуден жалтарған блогерлер қатаң жазаланады. Мысалы, 2021 жылы стример Хуан Вэйге салық алаяқтығы үшін 210 миллион доллар (105 760 200 мың) айыппұл салды. Осыдан кейін оның аккаунттары барлық платформаларда бұғатталды.
Ресейде блогерлер жарнамадан түскен ақысы үшін 13% салық төледі
Ресейде де билік блогерлердің кірісіне бақылауды күшейтіп, заңнамаға өзгерістер енгізді. Елдің Федералдық салық қызметі инфлюенсерлерге 2022 жылы кірістерін декларациялау қажеттігі туралы ескерту жасай бастады. Сондай-ақ агенттік салық төлеуден жалтару фактілерін анықтау әдістемесін және жауапкершілікке тарту құралдарын әзірледі.
Соңғы бірнеше жылдағы ғаламтордағы танымал тұлғаларға қатысты келеңсіздіктер осындай жұмыстың алғашқы қоғамдық нәтижесі саналады. Интернеттегі қызметінен табыс алатын БАҚ өкілдері жеке табыс салығын төлеуге міндетті. Стандартты мөлшерлеме 13%. Егер блогер шетелден табыс алатын болса, тарифтер басқаша болуы немесе арнайы салық шарттары қолданылуы мүмкін.
Айта кетейік, мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандық блогерлерге салық бойынша хабарламалар жібергені туралы хабарлаған едік. Оларға жалпы құны 53 миллиард теңгені төлеуге бір ай уақыт берілгенін мәлімдеді. Осыдан соң желіде салықтан жалтарған блогерлердің тізімі пайда болды.
Еске салайық, бұған дейін Дархан Жолшыбеков тұрып жатқан зәулім үйін тегін беретінін айтқан еді. Желі жұлдызы құны 300 миллион теңге тұратын үйін курс сатып алғандар арасында ойнатты. Атырау облысы Индер ауданында тұратын 31 жастағы Сапанова Әсемгүл есімді төрт балалы келіншек конкурстың жеңімпазы атанды. Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі қуанып жатса, енді бірі сенбейтінін жасырмады.