Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арсеналдың" бұрынғы бапкері қарағандылық клубты жаттықтырмақ

ШахтерФото:Kazfootball

Қарағандының "Шахтёр" футбол клубында маңызды кадрлық тағайындау жүзеге асты. Клуб академиясының жетекшісі қызметіне отандық тәжірибелі маман Сергей Якушин тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сергей Якушин халықаралық деңгейде жұмыс істеген маман.

Ол UEFA PRO санатындағы лицензияға ие. Бапкерлік мансабында Беларусь, Кипр және Қазақстан чемпионаттарында өнер көрсеткен бірқатар беделді клубтарда қызмет атқарған.

Якушин әр жылдары Қазақстан Премьер-лигасында, Бірінші лигада және халықаралық турнирлерде бас бапкер әрі ассистент ретінде еңбек етіп, жас ойыншыларды тәрбиелеу мен командалық жүйені дамыту бағытында жұмыс істеген.

Маман бұған дейін Дзержинск қаласындағы "Арсенал" клубында қызмет атқарды. Онда ол бас бапкердің ассистенті міндетін атқарды. Сонымен қатар, 2024 жылы павлодарлық "Ертіс" командасын бас бапкер ретінде жаттықтырды.

Сергей Якушин жасөспірімдер футболын дамыту саласында да тәжірибелі бапкер. Ол Elite Youth UEFA A лицензиясы негізінде жұмыс жүргізіп келеді.

Айта кетейік, Қарағандының "Шахтёр" футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасының екі дүркін чемпионы. Жуырда аталмыш клубты Freedom Holding Corp компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Тимур Турлов сатып алған еді.

Ақерке Өмірхан
Сейсенбі, 06 Қаңтар, 2026 23:04