Қарағанды облысындағы кеніште қаза болғандардың саны 5 адамға жетті
АрселорМиттал Теміртау кенішінде қаза болғандардың саны 5 адамға жетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
"Соңғы ақпарат бойынша АрселорМиттал Теміртау кенішінде қайтыс болғандардың саны 5 адамға жетті. Тағы бір адамның денесі табылды", – делінген хабарламада.
Бесінші кеншінің денесі апаттық-құтқару жұмыстары кезінде таңғы сағат 09:09-да табылғаны белгілі болды. Ол жайлы облыс әкімдігі хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнде шахтада "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің Ленин шахтасында апат болып, 4 кенші қаза тапты.
Ленин атындағы шахтада болған апаттан кейін Шахтинск қаласының орталық ауруханасына 4 зардап шеккен кенші жеткізілді. Алдын ала диагноз – метанмен улану.
"Зардап шеккендердің екеуі Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың токсикологиялық бөлімшесіне ауыстырылды. Уланудан басқа әртүрлі дәрежедегі жарақат алған тағы екі адам Шахтинск қаласында. Консилиум өткізу үшін санавиациямен құрамында 2 нейрохирург және 2 реаниматолог бар Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана мамандарынан құралған бригада келіп жетті", – деп хабарлады Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы.
ТЖ фактісі бойынша ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі ("Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалды.