Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арнайы құтқару жасағы құрылғын: Алматыдағы метроның құрылысы мен қауіпсіздігіне кімдер жауапты 

Оңғарбек

Күніне 100 мыңнан аса жолаушы тасымалдайтын Алматы метрополитені құрылған күннен бастап үлкейіп келеді. Қаладағы басты транспорттың бүгінде қауіпсіздігіне жауапты арнайы құтқару жасағы құрылған. Ал жаңа станциялардың құрылысы сапалы болуы үшін мамандар күнделікті тексеріс жүргізеді екен. Stan.kz тілшісі метро қызметкерлерімен тілдесіп, қауіпсіздік пен сапаға жауапты мамандармен тілдесті. 

Оңарбек Есмағамбетов метрополитенде 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Механик болып қызметке орналасқан ол бүгінде құрылыс сапасына жауапты. Уақыт өте электрмеханик, кейін учаске басшысы, 2017 жылдан берден техникалық бақылау сарапшысы екен. Ал жұмыс күні бірінші медициналық тексерістен өтуден басталады дейді. 

"Метро жүйесінде жұмыс істеп жүргеніме 22 жылдан асыпты. Негізгі міндетім темір-бетонды құрылыс, темір конструкциялардың дұрыс салынуын бақылау. Жолаушылар күнделікті метроға кіріп-шыққанымен, станциялардың салынуы үшін қанша адамның тер төккенін білмейді. Қазір құрылысы жүріп жатқан "Қалқаман" станциясының қазығы қағылғаннан бастап басы-қасында жүрмін ғой. Оның үстіне біздің топырақтың геологиясы құмды болып келеді, опырылып кету қаупі жоғары. Сондықтан тіз бетон мен темір конструкциялардың сызба бойынша, норма бойынша дұрыс жүруін қараймыз. Біз тылда күрес жүргізетін сарбаз сияқтымыз, халық біздің еңбекті көрмейді", – дейді ол.

Оңғарбек

Оңғабек Есмағамбетовтің сөзінше, әр метроға кірген сайын жолаушылардың транспортты пайдаланып жатқанын, еңбегінің халыққа пайдасы тигенін көруі кұш-қуат береді. 

"Алдағы уақытта метро жүйесі үлкейгелі жатыр. Қазір қаланың орталығына көлікпен кіру тиімсіз болып қалды. Метро негізгі күретамыр секілді. Оның үстіне бала-шағам "Атам осы метроны салған" деп айтып жүрсе, бізге сол да күш-қуат береді. Біздің қызметте ұжымның бірлігі өте маңызды. Жоспарлаушы мамандар, бақылаушылар бір-біріне үнемі ақпарат беріп отырады. Жұмысқа келген сайын күнде бір дүние үйренемін. Еңбек өтілім 30 жылға жуықтаса да, әріптестерім мен қызмет барысынан үйренетінім көп. "Қалқаман" станциясының да құрылысы өте сапалы жүріп жатыр, барлығы жоспарға сай", - деп қосты метро қызметкері.

Маманның сөзінше, бүгінде құрылыс нормалары мен пайдаланылатын материалдар өзгерген. Су оқшаулау жүйелері де жаңарған. Ал негізгі материалдар отандық өнімдер екен. 

"Метрополитен құрылысы отандық өндірісті те дамытады. Бетон да, құм да бізде дайындалады. Осы метрополитен құрылысын аяқтап, келер ұрпаққа табыстасақ, біздің міндет орындалды деп айта аламын. Құрылысшы – ешқашан жоғалмайтын мамандық. Жыл сайын еліміз, қаламыз өркендеп келеді. Жұмысшы мамандық иелерінің мәртебесін көтеру – халықтың мәртебесін көтеру деп білемін. Жастарға айтарым, еңбектен қашпау керек. Қазір көбі компьютердің алдында отырып алып ақша тапқысы келеді. Жалқауланбай, тер төксе, табысқа да жетуге болады", - деп түйіндеді бақылаушы маман. 

Метрополитеннің қауіпсіздігіне жауапты арнайы жасақ 

Павел

Алматы метрополитеніндегі базалық апаттық-құтқару қызметі бүгінде қаладағы басты транспорттағы қауіпсіздікке жауап береді. Құтқарушылар тәулік бойы кезекшілікте. Апатты жағдай орын алса, кез келген уақытта көмек көрсетуге әзір. Бұл үшін метро жанынан арнайы жаттығу алаңы мен үлкен кешен салынған екен. Ал аталған қызметті тәжірибелі құтқарушы Павел Мыскин басқарады. 

"Еңбек жолымды 1983 жылы бастадым. Қатардағы құтқарушыдан Алматыдағы өрт қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары лауазымына дейін көтерілдім. Ал 2014 жылы метрополитендегі апаттық-құтқару қызметіне ауыстым. 11 жылдың ішінде көп нәрсе өзгерді. Арнайы техникамыз бен құрылғыларымыз бар. Жұмыс істейтін мамандар да бұрын Төтенше жағдай министрлігінің құтқару қызметінде болғандар. Мен сырттан адам алғым келмейді. Дайындықтан өткен құтқарушылар келсе, оларды даярлап жүрмейсің", - деп сөзін бастады ол.

Павел

Павел Анатольевичтің қарамағында бүгінде жиырмаға жуық құтқарушы бар. Барлығы арнайы дайындықтан өткен, тіпті су астында жүзу туралы арнайы сертификаттары да бар екен. 

"Метрополитен Абай даңғылы бойындағы екі өзеннің астынан өтеді. Жаман айтпай жақсы жоқ, дегенмен су кету орын алса, суда да құтқару жұмыстарын жүргізе алуымыз керек. Сондықтан біздің мамандардың арнайы сертификат алған. Аквалангистер де түрлі дайындықтан өтеді. Көліктер де, құрылғылар да сақадай сай. Біз төтенше жағдайлар министрлігіне бағынбаймыз, осы себепті өз-өзімізді қамтамасыз етіп, жаттығулар өткіземіз. Дайындық барысында мен құтқарушылардың көзілдірігін арнайы жапсырмамен жабыстырып қоямын. Осылай қою түтін не шаң-тозаңда жұмыс істеуді үйренеді. Біздің жігіттер – арнайы жасақтың мүшелері. Физикалық форманы ұстап тұру үшін үнемі жаттығу жасайды", – деп қосты Павел Мыскин. 

Павел

Құтқару базасының жанында арнайы спорт кешені салынған екен. Мұнда құтқарушылар бос уақытында жаттығу жасап, футбол не волейбол ойнайды. 

"Кешенімізде сквош залы, бассейн, футбол мен волйбол залы бар. Өз арамызды спартакиада ұйымдастырамыз. Кез келген уақытта қызметкерлер келңп, тегін жаттығу жасай алады. Мұның барлығы халықтың қауіпсіздігі үшін жасалған. Еңбегіміз де еленіп жатыр. Жақында президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан медаль алдым. Жұмысшы мамандықтарға мемлекет тарапынан көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Бұл біздің мәртебемізді көтеріп, еңбектің еш кетпегенін көрсетеді", – деп сөзін аяқтады Павел Анатольевич.

павел 

Назархан Уән
Дүйсенбі, 08 Желтоқсан, 2025 13:01