Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арман Жұмагелдиев пен оның жақтастарына шыққан сот үкімінің егжей-тегжейі айтылды

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасына қатысты атышулы іске үкім шығарды. "Дикий Арман" лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев пен 43 айыпталушы бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Сотталушыларға адамдарды заңсыз бас бостандығынан айырды, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және ұрлық жасады, заңсыз қару сақтады деген айыптар тағылды. Сот мәліметінше, тергеу барысында Қаңтар оқиғасы күндері Алматының әр ауданынан 24 адам ұрланғаны анықталды. Олардың бірі қайтыс болған.

Бәрі неден басталды

Алматыда Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобы, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны және азаматтарды ұрлағаны үшін сотталды.

Сот мәліметінше, 2016 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті 5-департаменті басшысының орынбасары Руслан Искаков ұлттық қауіпсіздік органдарының қолдауына кепілдік беретінін айтқан. Осылайша Жұмагелдиевті серіктестікке көндірген.

“Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының қолдауына ие болған Жұмагелдиев Қазақстан мен шетелдердегі қылмыстық ықпалын кеңейту мақсатында қылмыстық ұйым құруға кіріскен. Ол бұрыннан таныс, психологиялық тұрғыдан тұрақты, қылмыстық қудалаудан қорықпайтын және жақсы физикалық дайындығы бар адамдарды тартқан. Жұмагелдиевтің қылмыстық ұйымының барлық мүшелері ұйымдастырушылық, функционалдық және аумақтық негізде топтарға бөлініп, тікелей оған бағынған”, – делінген хабарламада.

Руслан Искаков басқарған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшесі Жұмагелдиев тобының заңсыз әрекеттерін тоқтатуға ешқандай шара қолданбаған.

“2017 жылдың желтоқсанынан бастап Жұмагелдиев өзінің қылмыстық ұйымының қызметін Түркияда тұрып, қашықтан басқарған. Ол Қазақстан, Түркия және БАӘ-де, ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен және мүшелерімен кездесу өткізіп тұрған”, – делінген хабарламада. 



Сот мәліметінше, 2022 жылдың басында Искаков, Жұмагелдиев және экс-депутат Қайрат Құдайберген билікті күшпен басып алу мақсатында жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырған. Бұл үшін Жұмагелдиев Қазақстанға алдын ала 2021 жылдың желтоқсанында келген.

“2022 жылы қаңтар оқиғалары кезінде Құдайберген "Қазақстан" қонақүйінде штаб құрып, оған Жұмагелдиевтің тобын шақырды. Осылайша көрсетілген адамдар, қарулы топтың және оларға қосылған басқа адамдардың әрекеттерін басқарды. Сот 2022 жылдың 5 қаңтарында Жұмагелдиевтің тобы мен оның жақтастары Алматыдағы Республика алаңына екі рет шыққанын анықтады. Олардың мақсаты жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушыларды біріктіру және билікке талап қою үшін "Халық кеңесі" түрінде конституциялық емес орган құру болған. Кейін Жұмагелдиев тәртіпсіздіктерге қатысушылар санын көбейту туралы шешім қабылдаған. Осы мақсатта ол өзінің Шымкенттегі қылмыстық топ мүшелерін Алматыға шақырған”, – делінген хабарламада.

Соттың айтуынша, Қайрат Құдайберген заңсыз түрде спортшылар мен басқа адамдарды "Қазақстан" қонақүйінің маңында жинаған. Ол бұл әрекетті бизнес нысандарын қорғауға көмек көрсету деген сылтаумен жасаған. Шын мәнінде ол Жұмагелдиевтің қылмыстық тобына қосылуды көздеген.

“2022 жылдың 6-7 қаңтар күндері Жұмагелдиев тобының мүшелері бейбіт тұрғындарды заңсыз ұстап, оларды аяусыз ұрып-соғып, мүліктерін тартып алып, қорлаған. Сонымен қатар кей адамдарды бейнежазбаға түсіріп, оларды ұрлық және "ҚДТ" ("ДВК") экстремистік әрекеттеріне қатысқандарын мойындауға мәжбүрлеген. "The Ritz Carlton Almaty"қонақүйінің маңында Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының шамамен 15 мүшесі оның бұйрығын орындап, өтіп бара жатқан автокөлікті тоқтатып, ішіндегі 5 азаматты түсіріп алған. Жолаушылардың бірін, шабуылдаушылар басынан балғамен ұрып, есінен тандырған”, – делінген хабарламада. 

Осыдан кейін, жәбірленушілерді еркінен тыс қонақүйдің жер асты тұрағына мәжбүрлеп кіргізген. Осылайша олардан ақшалары мен жеке заттарын тартып алған. Кейін жәбірленушілерді ішкиіміне дейін шешіндіріп, ұрып соққан. Сонымен бірге оларды жаппай тәртіпсіздіктерге және бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысқандарын мойындауға мәжбүрлеген.

“Жұмагелдиевтің тобы 34 жәбірленушіні ұрлап, ұрып-соғу әрекеттерін жасаған. Кейін, 24 ұсталған адам заңсыз түрде бір ЖШС-нің қоймаларында қамалған. Бұдан бөлек Алматыда тәртіпті қалпына келтіру және сенімді алиби жасау сылтауымен Жұмагелдиевтің топтастары мен жақтаушыларын пайдаланып, Алматы ТЖД-нің өрт сөндіру көлігін қайтаруын және №12 қалалық аурухананы қорғау жұмыстарын ұйымдастырып, Алматы тұрғындарына азық-түлік таратуға бастамашы болған”, – делінген хабарламада. 

Дәлелденген мәліметтер мойынша, Жұмагелдиев тәртіпсіздікке қатысушылармен күресті тек көзбояушылық үшін ұйымдастырған. Оның барлық әрекеті, өзі ұйымдастырған қылмыстардың ізін жасыруға бағытталған.

Негізгі айыпталушыларға қандай үкім шықты

Іс бойынша негізгі айыпталушылар – қылмыстық топ жетекшісі Арман Жұмагелдиев, кәсіпкер, Алматы мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайберген және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы полковнигі Руслан Искаков.

Сот үшеуін де бас бостандығынан айырды:

  • Арман Жұмагелдиев 20 жылға сотталды. Сондай-ақ оған қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынды.
  • Ал Қайрат Құдайберген сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ экс-депуттан "Құрмет" ордені, полиция лейтенанты шені алынады. Енді ол қоғамдық-саяси қызметпен айналыса алмайды. 
  • Руслан Искаков 15 жылға сотталды. Ол 2-дәрежелі "Айбын" ордені, "Жауынгерлік ерлігі үшін" дәрежесінен және Ұлттық қауіпсіздік комитеті полковнигі шенінен айырылды. Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметте лауазымдар атқару құқығынан айырылды. 

Бірнеше айыпталушы сотқа дейін қамауда болып, жазасын өтегендіктен босатылды. Қалған айыпталушылар сот шешімімен бір жылдан 15,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар сот жәбірленушілердің бірнеше азаматтық талаптарын қанағаттандырып, Жұмагелдиев, Ысқақов, Құдайберген және тағы бірнеше сотталғандарды 50 мыңнан екі миллион теңгеге дейін моральдық шығын өтеуге міндеттеді. Енді Арман Жұмагелдиевтің адвокаттары апелляциялық шағым түсіруге ниетте екенін мәлімдеді. 

Еске салайық, Арман Жұмагелдиев пен экс-депутат Қайрат Құдайбергеннің ісіне қатысты алдын ала сот тыңдалымы 14 қыркүйекте басталған еді. Тыңдалым ашық режимде өткенімен, Арман Жұмагелдиев, ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов, Талғат Мақатов пен Бекзат Үсенов ҰҚК департаментінің тергеу изоляторынан онлайн режимінде қосылды.

Көп ұзамай жәбірленушілер мен куәгерлер өздеріне қоқан-лоқы көрсетілгенін және өз өмірлері мен жақындарына қауіп төнуі мүмкін екенін мәлімдеген. Сондықтан судьяға сотты жабық режимде қарау туралы өтініш жолдады. 

Талқылау