Арман: Маған қыз сыйлаған Ашаға міндетті түрде сыйлық болады
Жуырда ғана нәрестелі болып, ата-ана бақытына бөленген жұлдызды жұп Арман Қоңырбаев пен Аша Матай өмірлерінің қалай өзгергенін айтып берді. Арман әке атанғанын біраз уақытқа дейін сезіне алмағанын жеткізсе, Аша кішкентай қызының әкесін бұрынғыдан да қатты жақсы көретінін мәлім етті. Жұлдызды жұп сәбилерінің болашақта өнер адамы болатынына күмәнданады. Сол себепті шоу жасамас үшін Ашаны перзентханадан шығару рәсіміне журналистерді шақырмаған екен.
Десе де, жаңалық десе ішкен асын жерге қоятын журналистер мұндай айтулы күнді қалт жібермеді.
«Қазақ ырымшыл халық қой, көз тиеді деген нәрсе бар. Журналистерді шақырмаймыз, тек отбасымызбен келіп, дос-жарандарымызды шақырамыз деп ойладық. Шоу жасамай-ақ қояйық деп. Баламыз біздің жолымызды таңдамайтын шығар, шоудың қажеті жоқ деп ойладық. Бірақ келіп қалыпсыздар, рахмет, ренжімейміз», – деді Арман 31 арнаның «Айта берсін» бағдарламасына берген сұхбатында.
Арман әке атанғанын 31 қазан күні түнгі сағат 2-де естіген. Қатты қобалжыған ол бір орында отыра алмағанын жеткізді. Тіпті, ол ойын басқа жаққа аудару үшін өзге жұмыстарымен айналысуға тырысыпты.
«Өте қуандым, қасында болмадым. Ойымды басқа жаққа ауыстырайын деп басқа жұмыстарыммен қалада жүрдім. Бірақ ойымның бәрі Ашада болды. Босанғаннан кейін 20 минуттан соң келдім. Жеке меншік перзентхана болғандықтан, мені кіргізді. Көріп, өте қобалжып, қуандым. Басында бірден сезінген жоқпын әке атанғанымды. Қанша дегенмен жаспыз ғой. Достарым, туыстарым бәрі құттықтап жатқан соң сезіндім. Қолыма ұстадым, қорыққан жоқпын», – деп атап өтті ол.
Жұлдызды жұп қыздары Асылымға екі бірдей кіндік шеше тағайындапты. Олардың бірі – Ашаның бизнестегі серіктесі әрі құрбысы Ольга Ким, ал екіншісі танымал дизайнер Әсем Нұрсейітова.
Ольга: «Өте қуандым. Ашаны қатты жақсы көремін, баяғыдан танимын. Оның жүкті екенін де мен алғашқылардың бірі болып білдім. Сол себепті қуана қуана келістім», – десе, Әсем бұл жаңалықты Ашаның Whatsapp желісі арқылы хабарлағанын айтты.
«Өте қуанышты болдым. Оның өзінің міндеттері бар, ол дегеніңіз жауапкершілік. Сондықтан қуана қабылдадым», – деді ол.
Аша мен Арманның аталған екі аруды таңдауы бекер емес. Бір жағынан, екеуі де Ашаның жақын құрбылары болса, екінші жағынан, отбасылық өмірде тәжірибесі мол жандар. Ольга екі, ал Әсем үш баланың анасы бүгінде.
Ал Арман әзірге Ашаға сыйлық алып үлгермегенін айтты. Десе де, сері жігіт өзіне қыз сыйлаған сүйіктісін құр алақан қалдырмайтынына сендірді.
«Әрине, маған қыз сыйлаған Ашаға сыйлық болады. Қандай екенін ойластырған жоқпын. Ашаның өзімен де ақылдасамын», – дейді Арман.
Айтпақшы, сәбидің есімін Аша мен Арман екеуі бірге ойластырған болып шықты. Өздеріне ұнаған есімді ата-аналары да ұнатқан соң, Қоңырбаевтар отбасы бірауыздан нәрестеге Асылым есімін берген.
Жіберіп алмаңыз:
Асхат Садырбай Ерке Есмаханға жауап берді: Әркімнің өз ақиқаты бар
Ерке Есмахан: Ұлымды ойлағандықтан әкесіне қатысты көп жайтты жасырып қалдым
Тележүргізушілер айқасы: Салтанат Қалиева мен Майя Бекбаева нені бөлісе алмады?
Ринат Зайытов: Ақынды төрт дөңгелекті темірмен өлшейтін дәрежеге жеттік