Арман Қуанышбаев: Спираль салуға да, түсік жасатуға да шариғатта рұқсат бар
Белгілі дінтанушы Арман Қуанышбаев уағыздарының бірінде спираль салу мен түсік жасату туралы айтты. Шариғатта мұның үкімі қандай екенін түсіндірді.
Арман Қуанышбаев көпшілік әйелдерді мазалаған сұрақтарға жауап берді. Соның ішінде бала туу, бала көтеру, бала көтермеу үшін спираль салу, түсік жасату секілді сұрақтардың шешімін айтты.
“Бізде көпшілік бала көп болған сайын ол отбасыға артық салмақ түсіреді деп ойлайды. Бір-екі балам болса, оны оқытып-тоқытсам, өзіме жеңілірек болады деп ойлайды. Негізінде олай емес, Алла қанша бала берсе, соны өмірге әкелу керек. Яғни бала көп болған сайын несібесі көп болады. Сіз қай балаңыздың несібесі артық екенін білмейсіз. Мүмкін кенже балаңыздың несібесі мол болып, сол арқылы сіз жақсы өмір сүретін шығарсыз. Сондықтан баланы асыраудың қиыншылығын ойлап баладан бас тартуға болмайды. Егер әйелдің денсаулығы жарамсыз болса, бала тууға болмайтын болса, бала туудан сақтану міндетті болса, онда ананың денсаулығын сақтау мақсатында спираль салғызуға болады. Оған шариғат рұқсат етеді. Ал басқа жағдайда, бала көтеріп қалмайын деген мақсатта салған дұрыс емес”, – деді Қуанышбаев.
Дінтанушы осы секілді түсік мәселесіне тоқталды.
“Әйелдердің көпшілігін түсік мәселесі мазалайды. Түсік жасатуға бола ма дейді. Егер ананың денсаулығына жоғарыда айтқанымдай зиян келетін болса, ананың денсаулығы баланы тууға жарамайтын болса, ананың өмірін сақтап қалу үшін аборт жасатуға да рұқсат етеді. Себебі адамның өмірін сақтап қалу маңызды. Ана ертең баланы дүниеге әкеле алады. Ал ана қайтыс болып кетсе, балалар өмірге келмейді. Адамның өмірі бәрінен маңызды”, – деді дінтанушы.