“Екі қолы байлаулы тұрған”: Белгілі композитор Арман Дүйсеновтің ұлының өлімі туралы не белгілі
Фото: https://www.instagram.com/arman_duisenov_official
Былтыр күзде танымал композитор Арман Дүйсеновтың ұлы Абылай жұмбақ жағдайда көз жұмды. Арада бір жыл өткеннен кейін марқұмның анасы Алматы қаласының соты әділетсіз шешім шығарғанын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. Ол ұлының денесі өз пәтерінде екі қолы байлаулы, аяғы жерде тұрған күйінде табылғандықтан, оның өзіне қол жұмсауы мүмкін емес деп санайды. Оған қоса, жақында сот Айсұлу Айданқызын пәтерінен шығару туралы шешім шығарған. Stan.kz тілшісінің оқиғаға толық шолу жасады.
Арман Дүйсеновтің өлімі – қазақ өнері орны толмас қаза
2023 жылғы қаңтарда белгілі композитор, сазгер, әнші Арман Дүйсенов өмірден өтті. Композитор кәсіпкер, әнші Индира Елеместің бұрынғы жұбайы Иманмәди Калелханның зауытында жүрек талмасынан көз жұмған, ал оның зауытқа не үшін барғаны белгісіз.
Марқұм сазгердің жары Айсұлу Айданқызының айтуынша, оған Иманмәди Калелхан қоңырау шалып, “Арманның жағдайы нашар, жедел-жәрдем келе жатыр, дереу зауытқа келіңіз” деп өтінген. Өнер иесінің жары мен ұлы зауытқа жеткен кезде есіктің алдында жедел-жәрдем көлігі тұрған, ал фельдшерлермен бірге екінші қабатқа көтерілгенде Арман Дүйсеновтің беті жабық жатқанын көрген.
““Не болды?” деп сұрағанымда жүрегі тоқтап қалды деп айтты. Арман бұл жерге не үшін келді? Бұл студия емес қой” деп сұрап едім, “Осы жердегі балалармен таң намазына дәрет алды, балалар сапқа тұрған кезде, ағасының сапқа тұрмай, диванда жатып қалғанын көріпті. Оятқан кезде тұрмаған екен” деп жауап берді”, – деді сазгердің жары Айсұлу Айданқызы Аман Тасығанға берген сұхбатында.
Дегенмен Арман Дүйсенов өмірінің соңғы жылдарында кәсіпкер Иманмәди Калелханның кесірінен қаржылық мәселелерге тап болғаны белгілі болды. Өнер иесінің жары Айсұлу Айданқызының айтуынша, кәсіпкер композитордың отбасына 66 миллион теңге қайтаруға тиіс.
“2018 жылы менің қызым Англияға кетуі керек болды. Калелхан деген кісі оны менің компаниям арқылы жіберіңдер деді. Біз Арман екеуміз фунтпен ақшасын апарып бердік. Біз отбасымызбен жиі араласып жүрдік. Ол ақшаны бермей жүрген кезде, мен Арманның алданып жүргенін түсіндім”, – деді Айсулу сұхбатында.
Жақында Иманмәди Калелхан алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Істе бірнеше эпизод болған. Іс материалдарына сәйкес, эпизодтардың бірі марқұм композитор Арман Дүйсеновке қатысты. 2018 жылы музыкант қызының Лондонда оқуын төлеу үшін Иманмәдиге 20 мың фунт стерлинг (шамамен 9 миллион теңге) берген. Алайда қаржы университетке толық түспеген. Кейін композитордың отбасы келесі оқу жылына 22 миллион теңге және Түркиядан баспана алуға 37 миллион теңге аударған. Жалпы шығын көлемі шамамен 67 млн теңгені құраған.
Сотта Иманмәди өз кінәсін жоққа шығарып, мұның “өзара көмек” болғанын алға тартқан. Алайда сот тергеуі 7,3 миллион теңге көлеміндегі зиянды дәлелденген деп тауып, Иманмәди бұл соманы марқұм Дүйсеновтің жұбайына өтеуге міндеттелді.
Абылай Дүйсеннің жұмбақ өлімі
Арман Дүйсеновтің қазасынан кейін қылмыстық істерді тергеу, қарызды өндірумен оның ұлы айналысқан. Алайда музыканттың ұлы Абылай Дүйсен де былтыр қазанда, 21 жасында дүниеден өтті.
Айсұлу Айданқызы сұхбатында ұлын өлі күйінде тауып алған кезін айтып берген еді. 7 қазан күні кешкі сағат 18:00 шамасында оған Абылайдың көрші тұратын досы қоңырау шалып, ұлының қайда екенін сұраған. Анасы ұлын неліктен іздеп жатқанын сұрағанда, досы әлдекімдердің хабарласқанын, бүгін олар Абылаймен кездесуі керек болғанын, бірақ ол байланысқа шықпай жатқанын айтқан. Айсұлу ұлымен кейінгі рет түсте сөйлескен, ал соңғы хатына мүлде жауап алмаған. Кейінірек кіші ұлын мектептен алып кетуге барғанда ол да ағасын сұрап, достарының Абылайды іздеп жатқанын хабарлаған. Алайда Айсұлу бұған мән бермей, ұлы тірліктерімен жүрген шығар деп ойлаған. Үйіне жеткенде сағат шамамен 20:00 болған.
“Кешкі ас ішетін кезде Абылайды достары іздеп жатқаны, ал оның әлі де байланысқа шықпағаны есіме түсті. Ұлым бізге көрші тұрады ғой, сөйтіп сол үйге бардым, есік ашық тұр. Үйге кіріп, жарықты жақтым, ұлымды көріп тұрмын. Ұлымның аяғы жерде, басып тұр, екі қолы артында арқанмен байланған, мойны байлаулы, құдды бір сүйеп кеткен секілді. Өзі жалаң аяқ. Мен түсінбей тұрмын, Абылайға сөйлеп тұрмын. Бірден жедел-жәрдемге қоңырау шалып, кіші ұлымды көрші тұратын құрбыма жібердім. Жедел-жәрдем тез келді, оның артынша полиция қызметкерлері келді”, – деді ол.
Оның өліміне не себеп болғаны әлі де түсініксіз. Абылайдың денесін сот-медициналық сараптамадан өткізгеннен кейін “Кісі өлтіру” өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
“Іс кісі өлтіру ретінде тіркеледі. Мен бұған дейін мұндайды естімегендіктен, неге кісі өлтіру деп сұраймын. Сонда олар “Адам қолын артқа байлап, өз-өзін өлтіре алмайды” деп айтты”, – деді ол.
“Kozachrov offside” Telegram-арнасының мәліметінше, тергеу барысында Абылайдың 6 қазан күні кешке үйіне оралғаны, ал келесі күні пәтерден тек далаға темекі шегуге ғана шыққаны анықталды. Оған ешкім кірмеген, ал 7 қазанда композитордың ұлын анасы мойнына арқан салынған күйінде табылды.
Ал кейінірек полицейлер тергеу экспериментін өткізіп, нәтижесінде адамның қолы байлаулы болса да өзін асып өлтіруі мүмкін екенін мәлімдеген. Дегенмен марқұмның жақындары тергеу сотында бұл эксперимент қорытындысына қарсылық білдірді. Осыған байланысты тергеушіге тағы бір эксперимент өткізу міндеттелді: манекеннің бойы марқұмның бойына сәйкес болуы және қолдары баумен емес, дәл жіппен байлануға тиіс.
Композиторының жары Алматы қаласының соты әділетсіз шешім шығарғанына сенімді.
“2024 жылғы 7 қазанда 21 жастағы ұлым Абылай Дүйсеннің пәтерімізде екі қолы байлаулы, аяғы жерде тұрған өлі денесі табылды. Көптеген дерек анықталса да бұл іске қатысты тергеу әлі нақты шешімге келген жоқ. Екі қолы артына байланған адамның өзіне қол жұмсауы мүмкін бе?” – деді ол.
Өнер иесінің әйелі соттың шешімін заңға қайшы деуге негіз жеткізілікті екенін алға тартып, Президенттен көмек сұрады.
“Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, осыған байланысты сот төрелігінің әділетті болуына ықпал етуіңізді сұраймын”, – деді ол.
Айсұлу Айданқызының пәтерден қуылуы
Абылай Дүйсеннің жұмбақ өліміне қатысты іс әле де аяқталмағанына қарамастан, марқұмның досы Айсұлу Айданқызын сотқа берген. Өнер иесінің жары марқұм ұлының Санжар Мұқаш есімді досына қомақты сома қарыз болғанын, ал ол бұл туралы ұлы қайтыс болғанда ғана білгенін айтады.
Абылай өлі табылған күні Айсұлуға белгісіз нөмер хабарласқан. Полиция қызметкерлері сақтық мақсатында қоңырауды көтеруін, бірақ Абылайдың өлімі туралы айтпауын сұраған.
“Қоңырауды көтердім, “Сәлеметсіз бе! Мен Санжармын, Абылайдың досымын. Ұлыңыз қоңырауға жауап бермейді, сізбен сөйлесейін деп едім. Сіз қайдасыз? Сізге келсем бола ма?” деді. Мен “жақсы, келіңіз” дедім. Сөйтіп ол жігіт келеді де, бірден “Абылайдың досымын, мен оған көмектесейін деп ақша бердім” деді. Мен ол жігітті бұрын-соңды көрмегенмін, танымаймын. “Абылай ол ақшаны не үшін сұрады?” дегенімде, “Пәтерді банктен сатып алу үшін 49 млн теңге төледім” деп жауап берді”, – деді ол.
Ал Санжар Мұқаш былтыр жазда Абылай Дүйсеновтен аумағы шамамен 140 шаршы метр элиталық пәтерді 95 миллион теңгеге сатып алғанын мәлімдеп отыр. Оның айтуынша, Дүйсен ақшаны алып, қолхат жазып, 13 қазанға дейін пәтерден шығуға уәде еткен. Осы себепті Мұқаш Айсұлуды сот арқылы пәтерден шығаруға тырысқан.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылғы 12 тамызда Санжар мен Абылай 86 миллион теңгеге қарыз шартына қол қойған, ал келесі күні 95 миллион теңгеге сатып алу-сату келісімшартын рәсімдеген. Қылмыстық істі тергеу барысында Мұқаш Санжар полицияға сатып алу-сату шарты іс жүзінде кепіл шарт болғанын айтқан.
Сонымен қатар екі жігіт арасында түсініксіз жайттар болған. Мәселен Абылайдың телефонынан табылған хат алмасуларда олар қарызды және оны қайтару жолын талқылаған. Олардың әңгімесінен қаражатты екеуі бірігіп үшінші тұлғаларға беру қажеттігі, әйтпесе Абылай мен Мұқаш қиындыққа тап болатыны айтылған. Сондықтан Абылайдың анасы мен оның адвокаттары бұл мәмілені мәжбүрлі және жалған деп санайды.
Бірақ Бостандық аудандық азаматтық істер жөніндегі соты бұл уәждерді ескермей, Айсұлу Алпыспаеваны пәтерден шығару туралы талапты қанағаттандырған. Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ, іс Алматы қалалық сотында қаралады.
Бұған қоса, Айсұлу Айданқызы пәтердің нақты құны ұлының берешегінен әлдеқайда көп екенін айтады.
“Пәтердің нақты бағасы – 140 миллион теңге. Ал Санжар Мұқаш “65 миллион теңге бердім” деп отыр. Сонда “Неге бүтін пәтерді алғың келіп жатыр?” деп сұрағанда, “Я должен заработать” (Маған ақша табу керек) деді. Міне, осылай ашық айтты, еш қысылмады", – дейді марқұмның жары.
Істі жүргізетін заңгерлер
Кейінірек белгілі заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында Айсұлу Айданқызының ісін өз қолына алғаны, істі өзі жүргізетіні туралы жазба жариялады. Ол жазбасында құжаттарды мұқият тексеру барысында бірнеше заңбұзушылықты анықтағанын жазды.
“Маған ұсынылған құжаттарды зерделей отырып,бұл істің көлеңке жақтары өте көп екенін аңғардым. Қылмыстық істі былай қойғанда, Бостандық азаматтық соты істі Айсұлу ханымның кәмелетке толмаған баласының мүддесін ескермей соттылықты бұза отырып, қараған. Осы негізбен ақ басқа заң бұзушылықтарды айтпағанда соттың шешімі бұзылуға жатады. Себебі ҚР Конституциясына сәйкес, соттылықты өзгертуге ешкімнің құқығы жоқ. Істі өз өндірісіме алдым”, – деп жазды ол.
Алайда Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы заңгер Мейірман Шекеевпен жұмыс істеп бастағаннан кейін аяқ асты шешімін өзгертіп, көмектен бас тартқан. Бұл туралы заңгер жеке парақшасында хабарлады.
“Құрметті достар, сіздердің өтініштеріңізбен Арман Дүйсеновтің әйелі Айсұлу ханым осында келіп, істің мән-жайын баяндады. Біз адвокаттармен бірлесе отырып, осында сөйлесіп, қай бағытта жұмыс істейтінімізді белгілеп, бұл істі өндірісіме алған болатынмын. Бұл жайлы мен бейнежазба жарияладым. Десе де біраз уақыт өткеннен кейін Айсұлу ханым мені бұл істен өкіл ретінде қатыспауымды сұрады. Мұның артында "Аты жоқ" адам тұрғанын сеземін. Ол адам өзіне тиіс тәсілдермен мені бұл істен шеттетті. Өкініштісі Айсұлу ханымның заңгерді таңдамай басқа адамдардың сөзін тыңдағаны. Іске кесірі тимесе екен деп ойлаймын. Қазіргі авокаттар да өте кәсіби мамандар. Сондықтан адвокаттардың өздері істі алып шығады деген ойдамын. Айсұлу ханымға қандай да бір қатер төнетін болса, мен қол үшін беруге дайынмын”, – деді заңгер.
Айта кетейік, композитор Арман Дүйсенов 2023 жылғы қаңтарда көз жұмған еді.
Ал былтыр қазанда марқұм сазгердің ұлы да дүниеден озды.
2024 жылы 7 қазан күні кешке жас жігіттің денесі өз пәтерінде асылып тұрған күйінде табылған еді. Марқұмның қолдары байланған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өлімнің себебі – механикалық асфиксия. Жас жігіт қазасынан бір күн бұрын анасының қоңырауларына жауап бермеген.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның белгілі сазгері марқұм Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы “TalkLike” бағдарламасына берген сұхбатында композитордың өліміне қатысты сауалдарға алғаш рет ашық жауап беріп,композитордың жертөледе емес, зауытта көз жұмғанын айтқаны хабарланған болатын.
“Екі қолы байлаулы, аяғы жерде тұрған”: Арман Дүйсеновтің әйелі Тоқаевтан көмек сұрады
Ата-анамызды асырауға біз міндеттіміз бе?: Бұл сұрақ қазақстандықтардың пікірін екіге бөлді