Арыстанбек Мұхамедиұлының сыбайластарының қанша жылға сотталғаны белгілі болды
Бүгін астаналық сотта Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның сыбайластарына үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Алмаз Нұразханға Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-тармағының 4-бөлігі бойынша айып тағылған. Оған мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Президентке "Ерен еңбегі үшін" және "ҚР Еңбек сіңірген қайраткері" атағынан айыру туралы ұсыныс берілсін. Азамат Көшенов Қылмыстық кодекстің 28-бабы 2-тармағы 5-бөлігі, 189-бөлігі 4-бөлігі бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылады және мемлекеттік сатып алумен айналысуына тыйым салынады. Айым Сәдуақасоваға Қылмыстық кодекстің 28-бап, 5-бап және 189-бап 4-бап 2-тармағы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалады", - деді судья Бағлан Ыдырысов.
Бұған дейін сот Арыстанбек Мұхамедиұлын 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған еді.
Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сондай-ақ, сот Мұхамедиұлын мемлекеттік наградалардан айыру туралы қаулы шығарды.
Сот шешімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.
Еске салайық, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.
Тергеу "Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі" халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ "Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу" және "Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру" жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді.
Тергеу бір жылға созылды. Тергеу мәліметінше, біраз жыл мәдениет және спорт министрлігін басқарған Мұхамедиұлы мен оның сыбайластарының мемлекетке келтірген шығыны шамамен 221 миллион теңгеден асады.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді