Арыстағы жарылыстардан көз жұмғандар саны үшеуден көп пе? ІІМ жауап берді
Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында болған жарылыстардан үш адамның көз жұмғаны ресми хабарланды. Алайда желіде құрбандар саны мұнан да көп екені айтылуда. ІІМ бұл ақпараттарды жоққа шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ІІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арыстағы жарылыстардан кейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде көз жұмғандар саны көп екені туралы түрлі ақпарат тарауда. Бірі 750-ге жуық адам мерт болды десе, енді бірі бұл санды мыңнан асырып жіберген. Алайда ішкі істер министрлігіндер олардың жалған ақпарат екенін мәлімдеді.
«Ішкі істер министрлігі Арыс қаласында қайтыс болған адамдардың саны үшеу екендігін ресми түрде растайды. Әлеуметтік желі арқылы қайтыс болған адамдар саны одан да көп деген қауесет ақпараттардың жалған екендігін мәлімдейді. Егер де азаматтар зардап шеккен адамдар туралы қандай да бір қосымша деректерге ие болса, ресми түрде ішкі істер министрлігіне шағымдануға шақырамыз», - дейді ведомстводағылар.
ІІМ тұрғындардан әлеуметтік желілер және түрлі мессенджерлер арқылы таралатын жалған ақпаратқа сенбеуін және үрейге бой алдырмауын сұрайды.
Еске сала кетсек, 24 маусымда Арыс қаласында жарылыс болғанын хабарлаған едік. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірді.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде төтенше жағдай жариялады. Қала тұрғындары толықтай эвакуацияланды.
Қаладағы жарылыс салдарынан 3 адам көз жұмды.