Әріптесінің қолынан қаза болып, қар астынан табылған полицейдің жақындары өтемақы алмаған
Өз әріптесін жауыздықпен өлтіріп, шешіндіріп, денесін қарға көміп кеткен полицейдің өзі сотталғанымен, марқұмның жақындары заң бойынша алуға тиіс қызметтік өтемақыларын ала алмай жүр.
27 жастағы аға лейтенанттың артында жүкті әйелі қалған болатын. Қазір, жесір келіншек әкесі көре алмай кеткен баласын жалғыз асырап отыр, деп хабарлайды 31 арна.
2016 жылдың 25 желтоқсанында кезекшілікке шыққан Дархан Еламанов сол кеткеннен үйіне оралмады. Белгілі болғандай, полиция майоры Жәнібек Баймурзин жұмыс кезінде Дархан Еламановты шақыртып алып, оған тапаншадан оқ атқан. Дархан сол жерде қайтыс болады. Сот үкімі бойынша кінәлі 18 жылға бас бостандығынан айырылып, көп ұзамай облыстық ІІД алдындағы мемориалдық тақтаға Дарханның суреті ілініпті.
“Мемориалдық тақтаны ашқанда әкесі екеумізді шақырған. Біз салтанатты шараға қатыстық. Ұлымыздың суретін қызметін атқару барысында қаза болған басқа да әріптестерімен бірге сол тақтаға ілді. Ал, енді мәселе ақшаға келіп тірелгенде олар жалтарып отыр. Неге олай істейді? Тым болмаса 5 айлық нәрестені аямай ма? Артында қалған ұлы мен әйелін кім асырайды?”, – дейді Дархан Еламановтың анасы Майкен Рақымова.
Дархан жұмыс уақытында қаза болғандықтан, заң бойынша жәбірленуші тарапқа оның 60 айлық жалақысының мөлшеріне тең өтемақы төленуі тиіс дейді ата-анасы. Ол шамамен, 5,5 миллион теңге. Өтемақы беріледі деген облыстық ІІБ-ның қаржымен қамту департаменті қызметкерлері Дарханның ата-анасына қажетті құжаттарды жинауды тапсырған. Алайда, бір айдан кейін «Дархан кезекшіліктен босағаннан кейін қайтыс болды» деген олар ешқандай өтемақының төленбейтінін жеткізді дейді марқұмның жақындары. Бұл мәселемен сотқа жүгінген Еламановтар «екі отырыста да мәселе нақты шешімін таппады» дейді.
“Городской сотқа бердік. Олар да дұрыс шешімін шығарып айтқан жоқ. Обжалование деп областной сотқа беріңдер деді. Олар да қарап, дұрыс шешімін берген жоқ, – дейді Дархан Еламановтың әкесі Мұрат Еламанов.
Ал облыстық ішкі істер департаментіндегілер болса, өтемақының төленбейтіні туралы ұйғарым ІІМ-нен келген дейді. Жауапты тұлғаларға хат жолдадық деген баспасөз бөлімінің мамандары әзірге, жауап беруден бас тартты.
Бұған дейін Дархан Еламановтың жоғалып кеткенін, кейін оның өліміне әріптесі күдікті ретінде ұсталғанын хабарлаған едік.
Тағы да оқыңыз:
Алматыда түрмеде жазасын өтеушілер аштық жариялап, темір-терсектерді жұтып қойған
Қазақстанда қандай жағдайда балалар үшін жәрдемақы төленеді
Әйелдердің зейнетке шығу жасы мен зейнетақы төлеу тәртібі өзгереді