Арғын Нығматулин Қазақстаннан тергеу басталғанға дейін кетіп қалған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев Арғын Нығматулиннің Қазақстаннан тергеу басталғанға дейін кетіп қалғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Журналистердің сұрақтарына жауап берген Құрақбаев Арғын Нығматулинге қатысты істі Антикор тергемейтінін, тек іздеу жұмыстарын жүргізетінін айтты.
"Біз оның тергеу басталғанға дейін Қазақстаннан кетіп қалғанын білеміз. Қазір іздеу және елге қайтару бойынша жұмыстар жүріп жатыр", – деді ол.
Арғын Нығматулин мен өзге де тұлғалар аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және талан-таражға салу бабымен күдікті деп танылған (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі).
Арғын Нығматулин – Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы. Ол Қарағанды облыстық мәслихатына екі рет тағайындалған. 2006 жылы Арғын Нығматулин “Сарыарқа” хоккей клубын құрды.
Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура рейдерлік жасады деп айыпталған Нығматулиннің ағасына қатысты пікір білдірген еді.
“Бас прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі бопсалау фактісі бойынша Рамис Ибрагимовтың арызы негізінде қылмыстық істі тергеп жатыр. Қылмыстық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге деректер жария етілуге жатпайды”, – деп мәлімдеді бас прокуратура.
Бұған дейін Ибрагимов пен оның жары, Zara франшизасының бұрынғы иесі Наталья Овдейчук, AIRAN YouTube арнасына берген сұхбатында Ерлан Нығматулинді олардың бизнесін рейдерлік жолмен басып алды және бопсалады деп айыптады. Овдейчуктың айтуынша, оларға қысым жасалғандықтан, күйеуі Рамис Ибрагимов "Қазақмысқа" қызмет көрсететін көлік компаниясын Нығматулиннің атына аударуға мәжбүр болған.