Ардагер спортшы сыйақысы үшін министрлікті сотқа беріп, жеңіп шықты
Фото: ЖИ
Туризм және спорт министрлігі 2016-2024 жылдар аралығында кір тасын көтеру бойынша халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғаған спорт ардагеріне ақша төлеуден бас тартқан. Алайда спортшы төлемін сот арқылы қайтарып алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жарыстың бірнеше дүркін жүлдегері және чемпионы 2016-2017 жылдары жеңіп алған жүлделі орындар үшін өтемақы алуға өтініш берді. Бірақ министрлік тым көп уақыт өткенін және ескіру мерзімінің өтіп кеткенін алға тартып, оны төлеуден бас тартты.
Спортшы сотқа шағым түсірді. Істі қарау барысында бұл азаматтың шынымен де халықаралық жарыстарда жүлдегер болғаны белгілі болды.
Параспортшы заңды сыйақысы үшін министрлікпен соттасып жеңіп шықты
Сондай-ақ сот мұндай істер бойынша ескіру мерзімі жоқ екенін атап өтті.
"Бас тарту негізі жоқ, өйткені талап қою мерзімі туралы ережелер әкімшілік және бюджеттік құқықтық қатынастарға қолданылмайды, ал төлемдердің қолданыстағы ережелерінде өтініштерді беру мерзімдеріне ешқандай шектеулер жоқ", – деп мәлімдеді сот.
Астананың ауданаралық соты туризм және спорт министрлігін спортшының сыйақысын төлеуге міндеттеді. Шешім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылы Парижде өткен жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарынан кейін спортшыларға берілетін мемлекет сыйақыларына байланысты дау туындаған еді. Бұл мәселе қоғамда кеңінен талқыланып, спортшылар мен жаттықтырушыларға уәде етілген төлемдердің кешігуі сынға ұшырады. Осы жағдайдан кейін туризм және спорт министрлігі үкімет қаулысына сәйкес сыйақыларды толық көлемде төлеуді жүзеге асырды. Олимпиада жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына Үкімет резервінен қаржы бөлініп, жалпы саны 49 спортшы мен 63 жаттықтырушыға сыйақы берілді.

"Тегін тамақ беріп, емдік шөптің тамырын тауып әкелді": Оңтүстік Кореяға ем іздеп барған қазақстандық қыз күтпеген жерден кәріс ата-әже тауып алған
