Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ораза ұстау міндет пе: Арапа күні не істеу керек

Фото: Freepik.com

Мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Арапа күні биыл 5 маусымға түсіп тұр. Оның уақыты – Құрбан айттан бір күн бұрын. Арапа күні ай күнтізбесіне байланғандықтан оның күні жыл сайын ауысып отырады. Алматы қаласы Ибраһим мешітінің бас имамы Ермек Көкірекбаев арапа күні мұсылмандар қандай ізгі амалдары жасау керек екенін айтты. 

“Арапа” араб тілінен “білу, түсіну” дегенге саяды. Бас имам Ермек Көкірекбаевтың айтуынша, арапа күні бүкіл әлем мұсылмандары Арафат тауында тұрып Аллаға сыйынып, күн батқанша дұға қылады.  

Арапа күні не істеу керек?

“Арапа күні дұға етіп, садақа берген абзал, туған-туыстың хәл-ахуалын сұраған дұрыс. Әке-шеше, жақын адамдарға сыйлық беріп, қуанту ізге амалға жатады”, – дейді бас имам.

Сонымен қатар имам “Алла, дүниенің жақсылығын бер”, “Ақыретте жақсылық бер”, “Тозақ отынан сақтай көр” деген дұғаларды жиі айтуға кеңес берді. 

Арапа күні оразаны маңызы қандай?

Арапа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаз оқып, Алладан дұға тілеуі сауапты іс дейді дін өкілі.

“Ән-Нәсәи” риуаят еткен хадисте: “Арапа күнгі ораза екі жылдық  күнәларға кешірім болады – өткен жылғы және келер жылдың күнәларына. Ал “ашура” күнгі ораза болса, бір жылдық күнәларға кешірім” делінген. Тағы бір хадисте: “Дұғалардың ең қайырлысы – арапа күні жасалған дұға” деген. Ендеше, арапа күні сауапты амалдарды көптеп орындаған дұрыс”, – дейді Ермек Көкірекбаев.

Бас имам Қазақстанда арапа күні айт күніне орай шелпек-бауырсақ пісіріп, дастархан әзірлігі жасалатынын екерді. Десе де бір күн ораза ұстаған абзал дейді.

“Арапа оразасын ұстайтын кісі күнделікті намаз кестесін негізге алса болады. Дәлірек айтқанда: таң намазы кірген уақыт – ауыз бекіту уақыты болмақ. Сол уақытқа дейін сәреңізді ішіп-жеуге рұқсат. Ал ақшам намазының кірген уақыты – ауыз ашар уақытының кіргенін білдіреді. Осы тұрғыда, күннің толықтай батуы маңызды”, – деді бас имам.

Арапа күнгі оразаға қалай ниет ету керек?

“Ниет дегеніміз, іштей бір нәрсені орындамаққа оқталу, соны діттеу дегенді білдіреді. Сондықтан көкейде арапа күні нәпіл оразаға ниет етілген болса, соның өзі жарамды. Тілмен айту шарт емес. Дегенмен ауызша айтам деуші кісі ниетін қазақ тілінде жасай берсе болады”, – дейді Ермек Көкірекбаев.

“Ниет еттім Алла ризалығы үшін Арапа күнгі нәпіл оразаны ұстамаққа. ХалисалиЛләһи Тағалә” деген мысал келтірді имам.
Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 04 Маусым, 2025 13:52
Талқылау