"Арамызды бұзатын қадамға бармау керек": Путин Қазақстанмен қарым-қатынасы туралы айтты
Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақстанға сапары туралы және ҰҚШҰ саммитінің қорытындысы бойынша журналистердің сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Путин өз сөзінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты бұзып алмау аса маңызды екенін атап өтті.
“Қазақстан – іс жүзінде орыс тілді мемлекет. Оны өздеріңіз де сезген боларсыздар. Өкінішке қарай, қалай, не істеу керегін айтып, өз ойын жеткізетін, болып жатқан жағдайларға сын айтатындар ресейлік қоғамда да, қазақстандық қоғамда да бар. Бұл ұстаным, айтылған сын мемлекеттерді, соның ішінде Ресей билігінің мүддесіне сай келмей жатады. Көп жағдайда бұл ешқандай пайда бермейді. Меніңше, біздің қарым-қатынасымызды нығайту үшін бәрін істеу керек. Бірақ арамызды бұзатын қадамға бармау қажет”, – деді Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы достық қатынас туралы.
Сондай-ақ Ресей президенті Қазақстанның сенімді серіктес әрі одақтас екенін атап өтті. Экономикаға және сауда айналымына инвестиция құйылып, екі ел энергетика, ғарыш және басқа да көптеген салаларда ынтымақтастық орнатып жатыр.
“Бұған дейін және алдағы уақытта да күн тәртібінде тұратын мәселе – төлем мәселесі. Бірақ біз барлық төлемдердің 80 пайыздан астамын ұлттық валютаға аудардық. Бұл, әрине, қаржы саласындағы жұмысымызды жеңілдетеді”, – деді ол.
Путин энергетика саласында ауқымды жобалар болуы мүмкін екенін айтты.
“Біздің энергетикалық ресурстарымызды Қазақстан аумағы арқылы басқа елдерге тасымалдау саласында өте үлкен жобаларымыз болуы мүмкін. Ал мұндағы жағдай былай: Қазақстанның бір өңірінде табиғи газ тапшы, ал басқа аймақтарда керісінше, артылып жатыр. Бізге күш біріктіріп, Қазақстан мен Ресейдің жер аумағын ескерсек, Қазақстанға бір нәрсе жеткізу, немесе әлденені алу өз жерімізде дамытқаннан әлдеқайда тиімді”, – деді Ресей президенті.
Ол екі елдің болашағы жарқын болады деп баға берді.
Сонымен қатар Ресей президенті Владимир Путин "Росатом" мемлекеттік корпорациясы Қазақстанда атом электр станцияларын салуға дайын екенін жеткізді. Бірақ ол соңғы шешім атом электр станциясына "тапсырыс берушіде" екенін атап өтті.
“Кеше тар және кең құрамдағы келіссөздер барысында біз бұған көп көңіл бөлдік. Қазақстан, егер атом энергетикасы саласындағы жобаларын жүзеге асырса, онда, әрине, кез келген тапсырыс беруші сияқты, оның өзі үшін қолайлы технологиялық шешімдер мен қаржылық схемаларды таңдауға құқығы бар. Біздің қазақстандық әріптестер үшін бұл жаңалық емес. Олар не қалайтынын, бұл үшін қанша қаржы төлеуге дайын екенін және не нәрсеге қол жеткізгісі келетінін жақсы біледі”, – деді Путин.
Ол "Росатом" компаниясының әлемде, оның ішінде шетелде салынып жатқан атом электр станцияларының саны бойынша ең ірі компания екенін атап өтті.
“Егер біздің серіктестерімізде, яғни Қазақстанда кейбір шешімдерді, соның ішінде басқа елдердің технологиялық шешімдерін қолдануға, олардың мамандарын бірлескен жұмысқа шақыруға деген қажеттілік пен тілек болса, мұны да қарастырамыз. Ал шетелдік серіктестермен жұмыс істеген "Росатомның" мұндай тәжірибесі бар. Бұл туралы кеше де талқыладық. Соңғы шешімді әрқашан тұтынушы қабылдайды. Бірақ бұл салада Қазақстанмен жұмыс істеуіміз әбден мүмкін”, – деді Ресей президенті.
Бұған дейін Ресейдің 2025 жылы Байқоңырдан әскери зымырандар ұшырмайтыны туралы жазған едік.