Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ар-ұяттарыңыз жоқ екен": Павлодардағы мектепте балаларға шошқа еті қосылған шұжықтар берілген (видео)

Павлодарлық мәслихат депутаты Гүлжайна Дәрімова мектеп асханасына шошқа еті қосылған шұжықтар жеткізілгенін анықтады. Оның айтуынша, оқу орнында мұсылман балалар білім алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Депутат көптен бері мектептерді, әсіресе, оқу орындарындағы асханаларды бақылаумен айналысып келеді. Павлодарда Әлихан Бөкейханов атындағы мектепке бұған дейін де келген екен. Алдыңғы тексерістерінде ол асхананың тамағы дәмді болғанын айтқан. Бұл жолы депутат мектеп ғимаратына өзі таныс марканың шұжықтары әкелінгенін байқайды. Видеодағы кадрда оның бірден өнімді тексеруге алып келуді талап еткенін көруге болады.

"Назар аударыңыздар, бұл қазақ мектебі, мұнда өздерін мұсылман деп танитын балалар оқиды. Әкімшілікті шақырыңыздар, қазір әкелінген шұжықтарды шығарып, көрсетіңіздер. Шошқадан жасалған шұжық еті. Неге балаларды мұнымен тамақтандыруға рұқсат беріп отырсыздар? Неге алдап отырсыздар? Бәрі камерадан көрініп тұр. Мектепте, мұсылмандар мектебінде, балаларға шошқадан жасалған шұжық беру ұят емес пе? Шұжықтың бәрін шығарыңыздар. Қазір өзім ішке кірсем, сіздер үшін ұят болады. Ар-ұяттарыңыз жоқ екен", – деп ашуланды депутат.

Депутаттың сөзінше, халал деп айтылып жүрген шұжықтар шошқа етінен жасалған. Ол балаларды шошқа етінің терісімен тамақтандырып жатқанын айтып, ашуға булықты. Бұл бассыздықты ата-аналар көргенде не болатынын білмеймін дейді депутат.

"Ер адам алып келген қорапты шығарыңыздар. Біз кетпейміз. Егер сіз алып шықпасаңыз, біз қазір санитариялық-эпидемиологиялық қызмет шақырамыз. Мұнымен қоймай маған әлі өтірік айтып тұр. Құрамында шошқа еті, шошқа терісі бар. Қаншасы бар екенін қараңыздар. Балаларыңызды немен тамақтандырып жатқандарын біліп жүріңіздер. Әрине, бұл мәселені көтеремін. Сіздер шошқа етін тамаққа қосып отырсыздар", – деді депутат Гүлжайна Дәрімова.

Редакция мәселеге қатысты Павлодар облыстық білім басқармасына хабарласып, істің мән-жайын сұрап білді.

"5 қарашада мектеп асханасындағы тамақтану сапасы мен ұйымдастырылуын бақылау мақсатында Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейіне қалалық мәслихат депутаттары Елена Яровенко және Гүлжайна Дәрімова келді. Жалпы алғанда тамақтануды ұйымдастыруға қатысты ескертулер болмады. Алайда жеткізуші құрамында шошқа еті мен терісі бар "Молочные для Вас" шұжықтарын жеткізгені анықталды. Асхананы жалға алушы бүгін "BISTRO" шұжықтарының орнына басқа өнім жеткізілгенін, әдетте олар тек халал өнімдерге тапсырыс беретінін түсіндірді. Бракераждық комиссия (мектеп асханасындағы тамақтың сапасы мен қауіпсіздігін тексеретін комиссия) мен мектеп әкімшілігі шошқа еті бар барлық өнімді тәркілеп, көзін жойды. Мектеп әкімшілігі санитариялық-эпидемиологиялық қызметке хат жіберді", – деп жауап берді Павлодар облысының білім басқармасы.


Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында интернат тәрбиеленушілеріне шіріген тамақтар берілгенін жазған едік. Құзырлы органдар тарапынан мектеп-интернат оқушыларының тамақтануында өрескел бұзушылықтар анықталды. Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-интернатына тексеру келіп, мектеп асханасының ас мәзірінде көрсетілген тағамдардың саны жоқ болып шықты. 

Айым Атамбаева
Жұма, 08 Қараша, 2024 12:07