"Аптап ыстық, торнадо, су тасқыны": Дүниежүзінде табиғи апаттар саны артқан
АҚШ-та қатты торнадо үш тұрғынының өмірін қиып, көптеген үйлер қирап қалған. Ал Қытайдың провинцияларында су тасқыны орын алуда. Дүние жүзіндегі мұндай табиғи апаттың жиілеуіне мамандар алаңдаулы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясы мен Чунцин аймағын түгелдей су басқан. Қатты нөсерден өзен арнасынан асып кеткендіктен, тұрғындарды бұл аймақтардан эвакуациялауға тура келді. Жергілікті билік төрт ықтимал қауіптің екінші деңгейі деп белгіледі. Ал АҚШ-та торнадо көптеген зардаптарға әкелуде. Индиана және Арканзас штаттарында үш адам құрбан болды. 50-ге жуық үй қираған. Қатты желдің салдарынан электр желілері істен шығып, елдегі жарты миллионға жуық адам жарықсыз қалды.
“Шамамен үш миль аумақта үйлер қираған. Бригадалар түні бойы жұмыс істеуде. Зардап шеккен аймақтардың кейбіріне кіруге тырысып, жолдарды тазалауға уақыт бөлдік. Әр үйді мұқият тексереміз”, – деді өрт сөндіру бөлімінің бастығы Эрик Фанхаусер.
Ал Аризона штаты аптап ыстықты бастан кешіруде. Мұнда ауа температурасы 46 градусқа дейін көтерілген.
“Бұл жер ыстық болғандықтан қатты шаршатады. Мұндай ыстықта тіптә қарапайым қозғалыстың өзі күш-жігерді қажет етеді. Ашық пештің алдында тұрғандайсың”, – деді Ко-Деша.
Ал Қытайдың метеорологиялық агенттігі тағы да жаңбыр жауады деп ескертті. Негізгі қауіп Ішкі Моңғолия мен халқы тығыз орналасқан бірқатар провинцияларға төніп тұр. Осы жазда бүкіл Қытай бойынша 189 өзен арнасынан асып кеткен.

Азық-түлік, газ, темекі қымбаттайды, әскерилер үйді жекешелендіріп ала алады: Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді
