Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аппағым" әні есірткі жайлы": Белгілі заңгер Qаrakesek-тің әндерін тыңдамауға шақырды

қаракесек

Фото: https://www.instagram.com/qarakesek.west.fan/

Танымал заңгер Нұрсұлтан Орынбек есірткі шегіп ұсталған Qаrakesek-ке қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Заң саласының өкілі жастарға әншінің әнін тыңдамауға үндеді. 

"Жақында Ақтөбеде Qаrakesek деген әнші ұсталды. Оның қылмыстық ісі әкімшілік іске ауысып кетті. Бірақ осындай тұлғаларды сахналардан, эфирлерден, платформалардан алып тастау керек. Оның әндері жастар арасында кең тараған. "Әппағым, сенен артығын таппадым" дейді. Былай қарасаң, махаббат туралы ән сияқты. Бірақ ол мефедрон, ақ ұнтаққа қатысты ән деген қауесет бар. Есірткіні астарлап насихаттап жүр. Мәдениет министрлігі осы сынды әншілердің әндерін сахнадан алып тастай ала ма?", – деді заңгер "AMANAT" партиясының жастар кеңесінің отырысында.



Одан кейін мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов жауап берді. Ол жастар арасында есірткіні романтизациялау кездесетінін жасырмады. 

"Qаrakesek-тің жағдайына келсек, маған да көп адам "әндерін мас күйінде жазған шығар" деп айтты. Бұл әр адамның қиялы болуы мүмкін. Бірақ, екінші жағынан біз бұл жағынан қалай сақтана аламыз? Мұндайға қатысы бар болған әртістерді қадағалап отырамыз. Бірақ оларды қоғамның өзі де шеттетуі керек. Оны романтизациялайтын қоғамның өзі.  Мысалы, "Шекер" сериалынан кейін де қоғамның пікірі екіге жарылып кеткен болатын", – дейді Кочетов.

Еске салайық, бостандыққа шыққан рэп орындаушы Қаракесекті концертке кіргізбей қойған еді. 

Гүлдана Нұрлыханова
Жұма, 19 Қыркүйек, 2025 09:10
Талқылау