Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Апелляциялық сот депутат Тұрлыхановтың ұлына қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды

Алматы қалалық сотының апелляциялық инстанциясы депутаттың ұлы Нұрасыл Болаттың ісін қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды.

"Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотының Болат Нұрасыл Дәулетұлына қатысты қаулысы өзгеріссіз қалдырылды. Сотталушы мен оның адвокаттарының жеке шағымы қанағаттандырылмады. Апелляциялық қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді және кассациялық бақылауға жатпайды", – деп хабарлады судья Нұржан Қарабаев.



Судья Болат Нұрасыл пробациялық бақылау ережесін бұзды деп есептейді.

"Бірінші сатыдағы сот оған бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды. Бірақ ол сот үкімін орындау тәртібін бұзды", – деп түсіндірді апелляциялық сот алқасының судьясы Нұржан Қарабаев.

Еске салсақ, Тұрлыхановтың ұлы сот шешіміне аппеляциялық шағым түсіргені айтылды.

Бұған дейін заңгерлер Олег пен Анна Черновты соққыға жыққаны үшін екі жыл бас бостандығын шектеу жазасын алған депутат Тұрлыхановтың ұлының түнгі уақытта көшеде жүрген және тойда жүрген видеосы тарағаны туралы жазған едік. 22 қазан күні Алматы соты Нұрасыл Болаттың бас бостандығын шектеу жазасын пробация тәртібін бұзғаны үшін бас бостандығынан айыруға ауыстырды. Енді депутат Тұрлыхановтың ұлы жазасының қалған 1 жыл 5 ай мерзімін орташа қауіпсіздіктегі колонияда өтейді.

Талқылау