Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"8 пәтері бар екені анықталды": Апелляциялық сот Айтбек Амангелдінің моральдық шығынды өндіру туралы шағымын қанағаттандырмады

Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевтан материалдық шығын мен моральдық зиянды өтеу туралы шағымын апелляциялық сот өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бірінші сатыдағы сот жауапкерден қылмыстық іс барысында келтірілген шығыстар 6 877 672 теңге және 10 миллион теңге сомасында моральдық зиянның өтемақы өндірді.

Осы шешімге талапкер апелляциялық шағым беріп, онда моральдық зиянды өтеу сомасын 1 миллиард 500 миллион теңгеге дейін ұлғайту туралы мәселе қойған.

“Іс материалдарынан жауапкер заңды күшіне енген айыптау үкімімен талапкердің әпкесін өлтіргені үшін кінәлі деп танылған.
Марқұмның ағасы қайғылы оқиға салдарынан болған моральдық азап, денсаулығының нашарлауы және жұмыс қабілетінің жоғалуы туралы мәлімдеді. Марқұмның ата-анасы талапкердің пайдасы үшін өндіріп алудан бас тартты”, – делінген хабарламада.

Бірінші сатыдағы сот жақын туысының мерт болуы талапкердің моральдық жағдайына теріс әсер еткенін және оның жеке мүліктік емес құқықтарын бұзғанын атап өтті және талапты парасаттылық пен әділеттілік қағидаттарына сүйене отырып ішінара қанағаттандырды.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы шешімді өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Сот актілері заңды күшіне енді.

Адвокат Жанна Оразбақова болған жағдайға қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік желіде жариялады.

“Біз аталған 10 миллион теңге Бишімбаевтың істеген ісін өтейді деген қорытынды шығарған аудандық судья Джумаевтың шешіміне шағымдандық. Сот бұл соманы жеткілікті әрі әділ деп санайды екен. 04.04.2024 жылы Бишімбаевтан жауап алу кезінде ол өзі басқаратын және иелік ететін "Бау" мейрамханасынан ай сайын 8 миллионнан 15 миллионға дейін табыс әкелетінін және анасы гастроцентрдің үлесіне ие екенін айтты. Сот Бишімбаевтан айлық табысынан аз соманы өндіріп алды, бұл неткен арсыздық? Сот барысында Бишімбаевтың Алматыда 8 пәтері бар екені белгілі болды. Оның жетеуі бір элиталық тұрғын үй кешенінде орналасқан, сенесіз бе? Алматының элиталық аймағындағы үй мен қымбат көліктері бар екен”, – деп жазды адвокат.

Жанна Оразбақова Бишімбаевтың кей мүліктері анасының және екінші сотталушы Б.Байжановтың атында деп айтқанын еске салды.

“Судья Джумаев мұның бәрін елеместен 10 миллион теңге өндіруді "әділ" деп санады. Бірақ сот заң бойынша жауапкердің қаржылық жағдайын ескеруі тиіс”, – дейді заң өкілі. Сот моральдық зиянды өтеу мөлшерін анықтаған кезде іс материалдарымен расталған басқа да мән-жайларды, атап айтқанда жәбірленушіге келтірілген моральдық залал үшін жауапты адамның отбасылық және мүліктік жағдайын ескеруге құқылы”, – делінген жазбада.

Еске салсақ, бұған дейін Салтанат Нүкенованың отбасы Қуандық Бишімбаевтан 17 миллион теңге өндіріп алғаны айтылды. 

Талқылау