Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Апатты алдын ала болжау, бір батырмамен шұғыл жағдайды хабарлау: Яндекс таксиде қауіпсіздік қалай бақыланады

яндекс

Yandex Qazaqstan Қазақстандағы такси сервисіне арналған Қауіпсіздік саясатын таныстырды. Компания құрған жүйе сервиске тіркелу сәтінен бастап қандай да бір оқиғаларды талдауға дейінгі кезеңді қамтиды. Оған сәйкес сапарға дейін, сапар кезінде және сапардан кейінгі деңгейді де сараптайды. Бұл болған оқиғамен шектелмей, тосын жайттың алдын алу үшін дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Yandex Qazaqstan жыл сайын қауіпсіздік саласына 1 миллиард теңге инвестиция жасайды. Бұл жүргізуші мен жолаушының сапар кезіндегі қауіпсіздігін толығымен қамтитын жүйе құруға мүмкіндік берген.

“2015 жылдан бері қауіпсіздік технологияларын енгізуде үлкен серпіліс жасадық. Біз енгізген технологиялардың нәтижесі көз қуантарлық. Мысалы, 2025 жылы 1 миллион шақырымға бөлгендегі жол апаты санын 17,25% төмендеттік”, – дейді Қазақстандағы Яндекс Такси сервисінің операциялық жетекшісі Руслан Саитов.

яндекс

Сапарға дейінгі қауіпсіздік шаралары 

Компания өкілдерінің сөзінше, сервисті қолданған кезде жүргізуші де, жолаушы да алдын ала тексеріс үшін ақпарат ұсынуға дайын болуы керек. Өйткені қызметке қосылатын адамдарды бақылау – қауіпсіздік жүйесіндегі маңызды бөлік. Жүргізуші қызметіне кіріспей тұрып ашық дереккөздер арқылы тексеруден өтеді. Егер бұрын көлікті қауіпті жүргізсе, адам жарақат алған жол апатына түссе не біреуге күш қолданса, сервисті пайдалана алмайды.

Сонымен қатар жүйеде жалған немесе өзгертілген құжаттарды анықтайтын арнайы құрал бар. Жүргізуші жүйеге тіркелген соң да тұрақты негізде селфи-тексерістен өтеді. Бұдан бөлек көлік тексеріліп, фотобақылау арқылы қауіпсіздік белдігінің бар-жоғы секілді қауіпсіздік элементтері бақыланып отырады.

яндекс

“Жол апатында көз жұмғандардың 80%-ы қауіпсіздік белдігін таққанда, тірі қалар еді. Оның үстіне артқы орындықта белдік тақпай отырған жолаушы жүргізуші мен өзге жолаушының өміріне келер қатерді 2-3 есе арттырады. Сондықтан Яндекс Про сапар басталмай тұрып, артқы орындықта отырған жолаушыға да белдікті тағу керегін дауыстап ескертеді”, – дейді сапар қауіпсіздігі бойынша жобалар менеджері Әділ Гаджиев.

Әділ Гаджиевтің сөзінше, әр сапар алдында бағыттың қиындығына баға беріліп, соған сәйкес тәжірибелі жүргізуші тағайындалады. Егер бағыт қиын болмаса, әдеттегі тапсырыстарды орындап жүрген жүргізуші таңдалады. Егер бағыт күрделі болса, онда тәжірибелі жүргізуші тағайындалады.

“Технология жүргізушінің көлік басқару мәнерін, жылдамдық режимін сақтауын сараптайды. Әр тапсырысқа жүргізуші таңдау құралының арқасында әрбір отызыншы жол апатының алдын алуға болады”, – деп қосты Әділ Гаджиев.

Сапар барысында қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?

Сапар кезіндегі қауіпсіздік әр жолаушының алаңдататыны сөзсіз. Сондықтан компания өкілдері қолданушылардың сапары жайлы болу үшін бірқатар технологиялық шешімдер енгізген.

Мысалы, жолаушы сенімді байланыс нөміріне сапарының сілтемесін жіберіп қоя алады. Ал шұғыл хабарламалар басымдыққа ие және оны арнайы қолдау көрсету тобы қарайды. Сонымен қатар төтенше жағдай қызметімен шұғыл байланыс орнату мүмкіндігі қарастырылып отыр.

“Көбіне бізге жүргізушілерден “Тек жолаушылардың жағдайын жасайды” деген шағым түседі. Дегенмен жүргізуші де сапар кезінде туындаған жанжал жайлы бір батырмамен хабарлай алады. Қажет болған жағдайда қосымшада аудиожазба жүргізіледі. Жазба арқылы жанжалдың себебін анықтаймыз”, – деді Әділ Гаджиев.

Сапар кезіндегі жүргізу мәнері, жылдамдық, бағдардан ауытқымау секілді дүниелер де талданады. Бұл ықтимал қауіп-қатерді жағдай ушығып кетпей тұрып анықтауға мүмкіндік береді.

Осындай құралдардың бірі – жол апатын проактивті детекциялау.

“Проактивті детекция арқылы жол-көлік оқиғасы туралы біз сапар қатысушылары хабарлағанға дейін біліп отырамыз. Әр телефонда жылдамдықтың артуын бақылайтын акселерометр бар. Егер жол апатындағыдай қозғалыстар байқалса, біз сапарды тексереміз. Кейде жүргізушінің телефоны құлап кетуі мүмкін, акселерометр мұны да сезіп қояды. Сапар әрі қарай жалғасса, демек айтарлықтай ештеңе орын алған жоқ. Бірақ көлік бір орында тұрып қалса, онда бір жолаушы не жүргізушіге хабарласып, қажет кеңестер береміз. Осы құрал арқылы жол апатының төрттен бірін проактивті негізде анықтаймыз, былтыр бұл көрсеткіш екі есе аз еді”, – деді Әділ Гаджиев.

Айта кетері, әр сапарда жүргізуші мен жолаушының өмірі және денсаулығы сақтандырылады. Оның аясында 4 миллион теңгеге дейін өтемақы төленеді. Егер сапар барысында жол апаты болса, қолдау қызметінің өкілі апатты рәсімдеу ережесін, алғашқы көмек көрсету және сақтандыру төлемін рәсімдеу бойынша кеңес береді.

Сапардан кейінгі бақылау

Сапар аяқталған соң жүргізуші де, жолаушы да сапарға баға бере алады. Баға рейтингке әсер етіп, сервисті қолдану мүмкіндігіне ықпал етуі мүмкін. Мәселен, бағалау көрсеткіші 4,6 балдан төмендеген жүргізуші жолаушы тасымалдай алмайды.

Yandex Qazaqstan қайталанатын шағымдарды да тіркеп отырады. Егер ереже жүйелі түрде бұзылса, жүргізушіге сервисті қолдануға шектеу қойылады. Компания өкілдерінің сөзінше, болған оқиғаларды талдауда негізгі рөлді мамандар атқарады. Қауіпсіздік тобы тәулік бойы жұмыс істеп, сапардың барлық қатысушысымен байланысқа шығады. Мұнда:

  • Жүргізуші мен жолаушының нұсқалары;
  • Сапар деректері;
  • Фото, видео және аудио материалдар;
  • Сервиспен өзара әреке тарихы ескеріледі.

яндекс

“Қауіпсіздік туралы айтқанда, тек технологиялар емес, мамандарды естен шығармау керек. Мәселен, оқиғалармен жұмыс істейтін топта 40-тан аса адам бар. Олар арнайы іріктеу мен көпсатылы білім беруден өтеді. Қиын жағдайда дәл осы мамандар шешім қабылдайды. Сондай-ақ күрделі жағдайлармен жұмыс істейтін жеке команда бар. Түрлі қиын жағдай үшін ішкі сараптама жүргізіледі. Оның үстіне мамандар үнемі қарым-қабілеттерін шыңдап отырады”, – дейді Яндекс Такси арнайы қауіпсіздік жобаларының менеджері Анна Плотникова.

Yandex Qazaqstan әйелдердің қауіпсіздігі үшін қандай шешімдер ұсынады?

Компания әйелдер қауіпсіздігін жеке бағыт ретінде қарастырады. Мұнда жолаушы мен жүргізушінің жеке шекарасын қорғауға басымдық беріледі. Қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, гендерлік қауіпсіздік мәселесіне қатысты кеңестер негізінде процестерді жақсартады.

“Әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде технологиялық шешімдер де бар. Мысалы, бізде “қауіпті сценарийлерді бақылау” технологиясы бар. Жүйе сапар қатысушыларын рейтинг, алдыңғы сапарлары арқылы бағалайды. Мұнымен қатар “триггерлік жағдайлар” сарапталады. “Триггерлік жағдай” дегеніміз – сапар кезінде жолаушы бағдарды өзгертуі, ұзақ тоқтап тұруы және т.б. Мұндай жайттар тіркелсе, қолдау қызметі жолаушыға қоңырау шалады. Жолаушы жауап бермесе, жүргізушіге хабарласады”, – деді Анна Плотникова.

Яндекс Таксиде жолаушы мен жүргізушінің жеке шекарасын қорғау үшін телефон нөмірін жасыру жүйесі бар. Бұл сапар аяқталған соң қатысушыларды негізсіз қоңыраулардан қорғайды.

Yandex Qazaqstan қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылы қауіпсіз сапарлар үлесін 99,985%-ға жеткізген.

Назархан Уән
Сәрсенбі, 01 Сәуір, 2026 14:28