"Антикордың нұсқауымен әрекет еттім": Ақылбек Рысқалиев Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты күтпеген мәлімдеме жасады
Атырау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев облыс әкімінің Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты күтпеген мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Atpress басылымына сілтеме жасап.
Сот тыңдалымы кезінде Ақылбек Рысқалиев бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің нұсқауымен жауап беріп, әрекет еткенін мәлімдеді.
"Бастапқыда тергеу барысында берген көрсетілімдеріммен, жауаптарыммен қаламын деп ойлағанмын. Себебі маған нұсқау беріп, дайындаған Антикор қызметкерлері "Осылай соңына дейін барсаң, өзің үшін жақсы болады. Қорғалу құқығы бар куә болып қаласың, жауапкершілікке тартылмайсың" деген болатын. Бірақ бүгінгі күнге дейін олардың тарапынан мені қорғау, қолдау туралы ешқандай әрекет жасалмады", – деді ол.
Рысқалиевтің сөзінше, Абай мүсінін орнатып, "жыртығын жамау" үшін қосымша қаржы беретін демеуші керек болған.
"Адамов алған қаржы пара емес, демеушілердің көмегі еді. Сондықтан менің осыған дейін емес, қазір берген жауап нақты және дұрыс. Осы себепті бүгінгі көрсетілімді назарға алуды сұраймын", – деді Рысқалиев өз сөзінде.
Еске сала кетейік, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова және облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішін орнату бойынша мемлекеттік сатып алу келісімшарты үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілікті. Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов өзінің орынбасары ұсталғанда көңілі түскенін айтқан болатын. Ал осы істегі тағы бір күдікті – Ақылбек Рысқалиев өз кінәсін мойындап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне барған. Осыдан кейін Хаменованы ұстау үшін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы тергеу тобы келіп, шенеунікті жұмыс орнынан тергеуге алып кеткен.