Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Антикордан қорыққан Бишімбаевтың анасы туыстарына 1 миллион долларды қалай бергенін айтты

Фото: Жоғарғы сот

Астанада Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова өз туысын 1 миллион долларды иемденіп алды деп айыптаған іс бойынша сот отырысы жалғасты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Отырыста Нұрлыбекова айыпталушы Бекзат Кемелованың күйеуінің немере ағасының әйелі екенін, оны 15 жылдан бері танитынын айтты.

Нұрлыбекованың айтуынша, Кемелова екеуінің арасында іскерлік әрі сенімді қарым-қатынас болған.Кемелова оған Антикорда туысы барын, сол адам Бишімбаевтардың үйінде тінту болатынын ескерткенін айтқан.

"Мен оның сөзіне сеніп қалдым. Біз ақшаны кімге беруге болатынын ақылдастық. Көп туысым бар, бәлкім, соларға берермін дедім. Ол маған: “Сенің барлық туысың Антикордың тізімінде, 30 адам бар, бәрін бақылап отыр, жақында сендердің үйлеріңде тінту болады. Тек Келеовтер ол тізімде жоқ” деді. Сол кезде мен бұл ақшаны (990 мың долларды) оның сақтауына беру керек деп шешттім", - деді Нұрлыбекова сотта.

Оның айтуынша, Кемелова ақшаны қайтарып беремін деп уәде берген, бірақ уақытында бермеген. Кейін ақшаны біреу АҚШ-қа алып кетті деп түсіндірген. Бұдан кейін Бишімбаевтар отбасы Кемелованың күйеуін шақырып, ақшаны қайтаруға көндіруін сұраған.

"Содан кейін Бекзат маған хабарласып, жылап “Неге күйеуіме ақша туралы айттың? Ол мені ұрып-тепті, бүйрегім ауырып қалды. Мен саған жақсылық жасағым келді, ақшаны сақтап қалайын дедім” деді", - деді Бишімбаевтың анасы сотта.

Бекзат Кемелова өз кінәсін мойындамайтынын және Бишімбаевтар отбасының азаматтық талабымен келіспейтінін мәлімдеді.

Бұған дейін айыпталушының адвокаттары басқа нұсқаны ұсынған. Олардың пікірінше, Бишімбаевтар отбасы кек қайтармақ болған, өйткені Кемелованың күйеуі, бұрынғы сот-медициналық сарапшы Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істегі сараптамаларды бұрмалаудан бас тартқан, сол себепті Қуандық Бишімбаевты жауапкершіліктен құтқару мүмкін болмаған.

Айыпталушының адвокаты Игорь Вранчев бұған дейін Нүкеновтер отбасының мүддесін Қуандық Бишімбаев ісі бойынша сотта қорғаған. Вранчевтің айтуынша, Нұрлыбекованың шағымы шындыққа жанаспайды, ол туыстары Бишімбаев ісі кезінде оған көмек көрсетуден бас тартқан соң сотқа жүгінген.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы туыстары Қайрат пен Бекзат Кемеловтерді сотқа берді. Бұрынғы шенеуніктің анасы Бекзатты миллион долларға жуық алаяқтық жасады, ал оның күйеуін жала жапты деп айыптады. Биыл мамыр айында Астанада Куандық Бишімбаевтың ата-анасы Қайрат Кемеловке қарсы "ар-намыс пен абыройды қорлау" ісі бойынша сотта жеңіске жеткен болатын

 

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 13:20
Талқылау